Елімізде бензин мен дизель өндірісінің бағасы айтарлықтай төмен. Алайда тұтынушыларға әлдеқайда жоғары бағада сатылады. Бұл үдеріске жанармай тапшылығы да әсер етеді. Осы ретте Қазақстанның жанар-жағармай нарығы туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2021 жылғы 3 тоқсанда Қазақстанда бензин өндірісі 3,89 миллион тоннаға жетті. Ал дизель өндірісі 4,2 млн тонна болған. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас көрсеткіштерінен тиісінше 6,1 пайыз және 7 пайыз артық.
Қазақстанда барлығы үш мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) жұмыс істейді, олар модернизациялау үдерісінен өткен және іс жүзінде бүкіл ішкі сұранысты өтеп отыр. Дегенмен, елде жанар-жағармай тапшылығы мен оның қымбаттауы мәселесі жиі кездеседі.
Бұл құбылыстың себептерін Ranking.kz аналитикалық порталы айтып берді.
Неліктен арзан жанармай қымбаттап жатыр
Пандемия мен дағдарыс жағдайына қарамастан, 2020 жылы елімізде жанармай өндірісі іс жүзінде төмендеген жоқ (2019 жылмен салыстырғанда небәрі 1 пайызға аз).
Дегенмен, тұтыну нарығы дизельдік отын мен бензиннің тапшылығына тап болып отыр. Яғни, бір жағынан мұнай өңдеу зауыттары өнім көлемі бойынша ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етеді. Бұл ретте өндірілген жанар-жағармай басқа елдерге қарағанда әлдеқайда арзан болып шығады. Екінші жағынан, отын тапшылығы жыл сайын байқалады.
Бұл құбылыстың бір себебін сарапшылар Қазақстанда бензинді сатып алып, шетелге экспорттайтын транзиттік көлік ағыны деп есептейді. Нәтижесінде мемлекет бензин немесе дизельді экспортталған елдерден кері сатып алуға мәжбүр. Яғни бастапқыда арзан болған әрі Қазақстаннан шығарылған өнімдерді МӨЗ жоғары бағамен қайтадан сатып алады. Бұл ішкі нарықта жанар-жағармайдың қымбаттауына әкеледі.
Қазақстан мен өзге елдердегі баға қандай
GlobalPetrolPrices 2021 жылғы 22 қарашадағы дерегінше:
Ресейде орташа алғанда бензин Қазақстанға қарағанда 47,9 пайызға қымбат, ал дизель бағасы 20,8 пайызға жоғары;
Қырғызстанда 63,9 пайызға, дизель 15,7 пайызға қымбат;
Өзбекстанда бензин екі есе, дизель 54,1 пайызға қымбат.
Ал Қытайда бензин Қазақстанға қарағанда үш, дизель екі есеге қымбат.
Сондықтан көршілес елдердің транзиттік көліктері Қазақстанда белсенді түрде жанармай құйып, ішкі нарықтағы қорды азайтады. Еліміздің ішкі нарығындағы бензиннің құны сұраныс пен ұсыныс тетіктері арқылы реттеледі.
Бұл ретте мұнай өндіруші компаниялар шикі мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына өз құнынан төмен бағамен сатады, бұл қазақстандық нарықты арзандатады. Ал арзан жанармай транзиттік көлікпен немесе басқа жолдармен сатып алынып, экспортталады және шетелге (тіпті Қазақстанға кері) сатылады. Нәтижесінде тапшылық ел ішінде сұраныстың жоғары болуына және бағаның өсуіне әкеледі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың қымбаттауы болуы мүмкін.