Солтүстік Қазақстан облысындағы "Қызылжар" халықаралық әуежайы күніне небәрі 1 рейс қабылдайды. Ал 10 желтоқсаннан бастап әуежайдан ұшақ ұшпайды. Өйткені, Қазақстан Авиация әкімшілігі әуежайдың жарамдылық сертификатын осы күннен бастап тоқтатуға шешім шығарған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Басты екі себебі:
Қазір Петропавлдан Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларына ғана рейстер бар.
"Qazaq Air әуе компаниясы IQ437 және IQ438 рейстерінің 10-31 желтоқсан аралығында ұшпайтынын хабарлайды. Оған дейін Петропавлға рейстер болады. Бұл жайында жолаушыларға ескертілді. Ал 10 желтоқсаннан кейінге жоспарланған рейстердің жолаушыларына билет құны толық қайтарылады", – деп хабарлады Qazaq Air әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Ал әуежай басшылығының айтуынша, аймақта маман тапшы. Ұшақты ұшырып, қондыра алатын аэродром қызметкерлері қажет. Бұл олқылықты реттеу үшін Түркістаннан төрт айға уақытша мамандарды тартылады. Оған дейін "Қызылжар" әуежайы мамандарды дайындап үлгеруі тиіс.
"Бұл мамандық бойынша 30 жылдан бері бізде ешкімді оқытпайды. Сол себепті Алматыда арнайы курстан өтуі тиіс. Сондай-ақ, талап бойынша аэродром қызметкерінің кемінде 3 жыл осы салада еңбек өтілі болу керек", – деді "Қызылжар" халықаралық әуежайының директоры Уәлихан Желізбаев.
Сондай-ақ, Қызылжар әуежайының қабылдаған ұшақтарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ете алатын жағдайы жоқ. Жанармай сақтайтын орын, арнайы зертхананы да қайта жаңарту керек.
"Біз айтылған ескертулерді 70 пайыз орындадық. Ал жанар-жағармай резервуарын жаз кезінде ғана қалыпқа келтіру мүмкін болады. Соған қатысты кейбір шектеулер енгізілуі мүмкін", – деді СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов.
Биыл жазда Петропавл халықаралық әуежайы банкрот болған. Қазір облыс әкімдігі әуежайды өз балансына алу жолдарын қарастырып жатыр. Себебі, күніне небәрі бір рет қана ұшақты қабылдайтын әуежайды ұстап тұру тиімсіз болғандықтан ешбір инвесторлар оған қызықпайды.