$ 494.87  520.65  4.91

Қазаққа ерен еңбегі сіңген өзге ұлт өкілдері

Бүгін біз осы бір көрнекті тұлғалардың тағдырына тоқталмақпыз.

Қазаққа, қазақтың өнеріне, әдебиеті мен мәдениетіне бір кісідей еңбек сіңірген өзге ұлт өкілдері аз емес. Олардың қатарында Храпатый Анатолий Михайлович, Хамиди Латиф Абдулхаевич, Сидоркин Евгений Матвеевич, Потанин Григорий Николаевич, Затаевич Александр Викторович бар, деп жазады Skifnews порталы. 

Бүгін біз осы бір көрнекті тұлғалардың тағдырына тоқталмақпыз. 

Храпатый Анатолий Михайлович

Атақты ауыр атлет 1963 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданында дүниеге келген. Ол төрт жасқа толғанда анасы жүре алмай қалады. Ал әкесі отбасын тастап кетеді. Анатолийді ағасы Андрей тәрбиелейді. 

Анатолий Храпатый зілтемірге 14 жасынан әуестенеді. Ол кезде салмағы 33 кг, бойы 135 см болған ол тәжірибелі жаттықтырушы Александр Сидоровтың қолына түседі. Содан кейін оның даңғыл жолы басталады. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, 1996 жылғы Атлантадағы Олимпиада ойындарының жүлдегері, ауыр атлетикадан бес мәрте әлем чемпитоны, бес мәрте Еуропа чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері атанады. 

Бірақ спортшының тағдыры жеңіске де, жеңіліске де толы. Ол 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасына қолдау көрсету үшін бармақ болады. Бірақ оған үлгермей, 11 тамызда жол апатынан қаза табады. 

Сидоркин Евгений Матвеевич

Қазақстанның халық суретшісі 1930 жылы туған. Қазақ халқының өнері, фольклоы мен тарихы суретшінінің зор қызығушылығын тудырады. Оның авторлық жұмыстарының негізгі бағыты – тарихи шығармалар. Өз жұмыстары арқылы суретші қазақ эпосына, қазақ ертегілеріне, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов пен Абай әлеміне жол ашады. 

1960 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының иллюстрациясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленген. 1959 жылы «Қазақ эпосы» сериясы үшін қола медальмен, 1965 жылы «Графика 5 контингентов» көрмесінде «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» сериясы үшін алтын медальмен марапатталады. Краков, Венеция, Будапеште өткен көрмелерде жүлделі орындарды иеленіп, диплом алады. Монументальді өнерде де қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Мұхтар Әуезов театрына, мәдениет үйлері мен кинотеатрларға бірқатар мозаикалар салған. 

Потанин Григорий Николаевич

Көрнекті ғалым-этнограф, саяхатшы, гуманист, фольклоршы, түркі тілдерінің білгірі 1835 жылы дүниеге келген. Ол патшалық Ресей тұсында Нұр-Сұлтанның ел астанасы болатынын болжаған. 

«Егер біз Қазақстанға автономия алып, Қараөткелді (қазіргі Нұр-Сұлтан) Алаштың астанасы етсек, осында оқу ордасын ашып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ Еуропа «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жазған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыптай ұл туған қазақтың кім екенін білер еді. Болашақта қазақтар өзінің лайықты орнын алады»-деген ғалым. 

Григорий Потаниннің аты ағартушы Шоқан Уәлихановпен бірге аталады. Көзі тірісінде Шоқанмен дос болған ол, Шоқан қайтыс болғаннан кейін Шоқантануға зор үлес қосты. Оның еңбектерін жинап, жариялады. 

Потанин Абай Құнанбайұлымен, Мұса және Сәдуақас Шормановпен, Имантай Сәтпаевпен (Қаныш Сәтпаевтың әкесі) араласқан. Алаш көсемдерінің ортасында сыйлы болған. Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шормановпен жақсы достық қарым-қатынас орнатқан. 

Потанин іргелі 240 еңбектің авторы. «Қазақтар мен Алтай түріктерінің аңыздары мен ертегілері» деген еңбегі үшін 1886 жылы Ресейдің География қоғамының медаліне ие болған. 

Оның еңбектері Еуразияның әлемдік мәдени мұраларының қатарына кіреді. Ол Орта Азия мен Сібірге 5 ауқымды экспедиция жасаған. 1855 жылы орыс казактарының жетекшісі ретінде Жетісуға келіп, Алматы қаласының құрылысына қарқын береді. Патшалық Ресейдегі орыс қоғамына қазақ мәдениетін таныстырып, оқыған орыстар мен қазақтардың достасуына себепкер болған адам. 

Затаевич Александр Викторович

Белгілі фольклоршы, этнограф, композитор, Қазақ КСР халық әртісі 1869 жылы Ресейде, жер аударылға поляк отбасында туған. 1920 жылы Орынборға келіп, сол жылдан бастап қазақ өлкесін аралап, халық әндерін жинауға көшеді. Ол – қазақ әндерінің алғашқы зерттеушісі және жинап-теріп, алғаш жинақ ретінде қалдырған адам. «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбектерінің авторы. Ол бас-аяғы қазақтың 2300 әні мен күйін жинаған. Ол еңбектер күні бүгін қазақ музыкасының антологиясына айналған. Оның ұсынысымен 1925 жылы Әміре Қашаубаев Парижге барған. 

Хамиди Латиф Абдулхаевич

Көрнекті композитор, педагог, Қазақстанның халық әртісі (1966), Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1978) 1906 жылы дүниеге келген. Ол қазақ жеріне орыс және әлем мәдениетінің элементтерін әкелген. Вокал жанры – Хамиди шығармашылығының ауқымды әрі маңызды бөлігі. Ол 50-ден астам ән мен романс жазған. Абай әндерін алғашқылардың бірі болып жазған адам. Сонымен қатар 200-ден астам халық әндерін жазып алып, 100-ден астам қазақ, татар, башқұрт, өзбек әндерін өңдеген. Ол қазақ әндерін жинап қана қоймаған. Қазақ музыкасындағы марш, вальс жанрларының негізін қалап кеткен. 

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары