Қызылорда облысында аса ауыр қылмысқа қатысты тоғыз күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz.
Ішкі істер министрлігі 15 желтоқсанда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам ауылында жастар тобы арасында атыс қаруын қолданудан жанжал болғанын еске салды.
Оқиға салдарынан аялдамада болған кәмелетке толмаған үш бала оқтан жарақат алды.
"Аталмыш факті ҚР ҚК-нің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тәртіп сақшылары жараланған жасөспірімдер дер кезінде ауруханаға жеткізілгенін, оларға көмек көрсетілгенін айтты. Олардың біріне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін сол күні үйіне жіберілсе, екі кәмелетке толмаған бала дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты.
Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде сегіз күдікті ұсталды. Сонымен қатар, кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауда атыс қаруын қолданып жасаған басты күдіктіні ұстады, ол жасаған әрекетін толық мойындады.
Айғақты зат ретінде одан қылмыс құралы тәркіленді. Барлық тоғыз азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының (қамауға алу негіздері) талаптарына сәйкес қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, олар қамауға алынды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.