Шетелде Қазақстанға орала алмай отырған мың жарымға жуық азаматымыз бар. "Туристік қамқор" корпоратив қоры оның тағы 492-сін бүгін, ал 367 адамды ертең елге жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Бұл тек арнайы компаниялар арқылы тур-кодпен кеткен отандастарымыз. Ал өз бетінше демалуға аттанғандарға көмектесу қордың құзырына кірмейді екен.
Төтенше жағдай алдында жалпы 7636 демалушы туроператор және тур-кодтар арқылы Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Шри-Ланка, Мальдив аралдары, Үндістан, Түркияға ұшып кеткен. Оларды лек-легімен "Туристик қамқор" қорындағылар елге алдырып жатыр. Мәселен, кеше 717 адам Отанына оралған.
Бастапқыда рейстерді Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласына қондырып, туристерді пойыз, не автобуспен өз өңірлеріне жеткізіп беріпті.
“Туристер екі бөлімге бөлінген. Біріншісі, туристік компания арқылы аттанса, екіншісі жеке өздері кеткен. Өз еркімен кеткендерге ақпаратпен бөліскеннен өзге көмек түрін ұсына алмаймыз. Ал қолында тур-кодтары бар демалушылардың көп бөлігі қазір үйінде. Енді тек ПТР-тесті оң шыққандардың мәселесі кішкене шешімін таппай тұр”, – дейді "Туристік қамқор" қорының төрайымы Инна Рей.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.