COVID-19 тәуліктік сырқаттанудың 60 пайыздан астамы үш аймақта тіркелді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттану көрсеткішінің 60 пайыздан астамы үш аймақта тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тестілеу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан астам тесті құрап отыр. Бірақ, бас қалада халықты вакциналау қарқыны 1,5 есе және ревакцинация қарқыны 4 есе төмен», - деді Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, Алматы қаласында SARS-CoV2 ауруы 8 есе өсті.
Тестілеу деңгейі қалпына келтіріліп, осы жылғы қаңтардан бастап 3,5 есе артты. Дегенмен, вакцинация қарқыны 1,6 есе және ревакцинация қарқыны 3 есе төмендеп отырды.
«Қарағанды облысында сырқаттану 9 есе өсті, ал вакцинация қарқыны 3 және ревакцинация қарқыны 3,5 есе төмендеді. Өткен аптаның соңында Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары басшылығының қатысуымен ауру өсіміне дайындықты бағалау және қабылданатын шаралар бойынша республикалық штаб өткізіліп, ұсыным берілді. Әрбір өңірмен жұмыс жалғасады», - деді министр.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.