Желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды Оrda.kz.
Өтініш авторлары тергеу органдары, прокуратура және судьялар Біртановтың оның кінәсіздігі туралы уәждеріне құлақ аспай отырғандарын алға тартты.
«Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз және Елжан Амантайұлын індет кезінде тек құрметке ие болған еңбегі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты елдің індетке дайын болмағаны және сол кездегі Денсаулық сақтау министріне тікелей байланысты болғанның барлығын өзі жасап, жүзеге асырғаны оның кінәсі емес» делінген өтініш мәтінінде.
Мемлекет басшысына жолдаған үндеуде қазақстандықтардың Елжан Біртановтың ісін бақылап жүргені және экс-министрдің кінәсіне сенбейтіні айтылған.
«Жақсы басшының, дәрігердің, тұлғаның тағдырына бей-жай қарамайтыныңызға сенеміз. Енді сіздің ұжымыңызда қарапайым халық сенім артқан осындай кәсіпқойлар, патриоттар, білікті мамандар болуы керек. Біртановты заңсыз қылмыстық қудалауды тоқтатуыңызды сұраймыз!» делінген өтініште.
Петиция 21 қаңтарда жарияланған. Қазіргі уақытта оған 2 мыңға жуық қолданушы қол қойған.
Еске салсақ, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы құрған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
Біртановтың үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.