Батыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша 30 қаңтар күні жергілікті сағат 20.30-дан бастап облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай- Жымпиты жолында (38-159 км, Ақсай қаласынан Жымпиты ауылына дейін) барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Боран соғып тұрғандықтан, жолдың көрінуі нашарлаған.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, аталмыш жол бағытында тұрғындарға жолға шықпау керектігін жеткізді.
Сондай-ақ күшті жел мен боранға байланысты республикалық маңызы бар Атырау-Орал (492-189 км, Оралдан Атырау облысының шекарасына дейін), Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км, Оралдан Ресей шекарасына дейін), Чапаев-Жалпақтал-Казталов (0-213 км, Чапаевтан Казталовқа дейін) және Самара-Шымкент (195-251, 266-526 км, Ресей шекарасынан Ақтөбе облысына дейін) жолдары жабылды.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, облыстың оңтүстігінде 31 қаңтар күні тұман түсіп, ал солтүстігі мен солтүстік-шығысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.