Елордада қолайсыз ауа райына байланысты негізінен төменгі буын оқушылары үшін мектептегі сабақтар өткізілмей жатыр. Бұл ретте оқушылар оқу бағдарламасынан қалып қоймайды, өтпей қалған тақырыптар резерв сағаттардың есебінен немесе қайталау сабақтарында меңгеріледі. Тиісінше, каникул уақыты да қысқартылмайды. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ботагөз Жүнісова мәлім етті.
Сабақтарды тоқтату ҚР Білім министрінің «Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен регламенттеледі. Оған сәйкес, әрбір мекемеде ішкі бұйрықтар шығарылады, және онда сабақтар тоқтатылған күндер, ол күндері сабақ өткізбеген мұғалімдер көрсетіледі.
Осы ретте әрбір мұғалім балалар өтпей қалған тақырыптарды интеграциялау есебінен күнтізбелік-тақырыптық жоспарлауға өзгертулер енгізеді.
«Сабақтардың тоқтатылуына байланысты өтпей қалған тақырыптарды мұғалім резерв сағаттар немесе қайталау мен жалпылау сабақтары есебінен осы тоқсанның ішінде балаларға түсіндіруге тиіс. Балалар каникул немесе қосымша сағаттар есебінен оқымайды. Бұдан басқа, егер балалар сабақ тоқтатылған күні мектепке келсе, олар күндерін сонда өткізуге тиіс, балаларды ешкім үйлеріне қайтармайды. Бір немесе екі оқушы келсе, мұғалім оған сабақ өткізуге міндетті, және егер сол сабақта баға қойылса, ол баға түзету енгізілген күні қойылады», - дейді Ботагөз Жүнісова.
Пән мұғалімі де балалардың өз бетімен жасайтын жұмыстарының түрін өзі таңдай алады, бұл тапсырмалар сынып жетекшілеріне беріледі, соңғылары оқушылар мен ата-аналарға хабарлайды. Оқушылар тапсырмаларды үйде орындап, сабақтар басталған уақытта тексеруге әкелуге тиіс.