Өткен апатада екібастұздық көпбалалы отбасының жағдайы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Жалдамалы пәтерде тұратын төрт баланың ата-анасы ішкілікке салынған, ал шиеттей балалар бірнеше күн тамақ ішпеген, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Өмірден тыс қалған
Ерлі-зайыптылар Ильдар Афатеев пен Любовь Зейналова өткен жылдың шілде айында Ақсу қаласына қарасты Төртқұдық ауылынан Екібастұз қаласына көшіп келген. Жас отбасының 2014, 2016, 2017 және 2018 жылдары туған төрт баласы бар. Өкінішке қарай, балалардың барлығы физиологиялық және психологиялық тұрғыдан дамымай қалған. Басқасын былай қойғанда, үйдің үлкені – 8 жасар ұлдың өзі өздігінен жүріп, сөйлеп, тамақтана алмайды. Соңынан ерген бауырлары да дәл солай. Олар бөгде адамдардан да қорқады. Ал әкесі мен анасы ащы суға құмар.
Тағы оқыңыз: Екібастұзда жалдамалы пәтерден төрт «маугли» бала табылды
Отағасы Ильдар Афатеев осы жылдың ақпан айында ғана "Богатырь Көмір" компаниясының мердігерлік ұйымдарының біріне жұмысқа орналасқан. Ал балалардың анасы Любовь Зейналова еш жерде жұмыс істемейді. Осы уақытқа дейін жас отбасы көпбалалы отбасы ретінде алатын жәрдемақы есебінен ғана өмір сүріп келген. Ал басқа әлеуметтік және медициналық көмекті алмаған. Еріктілер қиын жағдайға тап болған жанұя туралы хабар таратпағанда, бұл отбасының өмірі одан әрі де беймәлім болар ма еді, кім білсін?!
Жағдайға еріктілер араласқан соң ғана жергілікті билік бұл мәселеге назар аударды. Балалар облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды. Белгілі болғандай, олардан коронавирустық инфекция анықталған. Өмірге дені сау болып келген балалардың басқа да сырқаттарға шалдығуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта тиісті талдамалар жасалуда. Сонымен қатар балалардың жағдайы диетолог мамандардың жіті назарында. Себебі бірнеше күн бойы аш отырған оларды толық тойдыруға болмайды.
«Біз білмей қалдық»
Отбасының мұндай мүшкіл халге түсуіне кім кінәлі? Бұл ретте отбасы бұған дейін тұрған Ақсу қаласының әкімдігі мен қазіргі тұрғылықты жері – Екібастұз қаласының билігі кінәні бір-біріне артып отыр. Ақсу қаласының әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, отбасы 2017 жылы Қалқаман ауылдық округіне көшіп келген.
"Отбасының үшінші баласы Ақсу қаласында туды. Олардың барлығы ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункте тіркеуде тұрды. Ол кезде дәрігерлердің балалардың дамуында ешқандай кінәрат байқамаған. Ал 2018 жылы бұл отбасы Екібастұз қаласына қоныс аударған соң байланыс үзіліп қалды", – дейді Жанат Шұғаев.
Тағы оқыңыз: Екібастұздан табылған 4 маугли баланың денсаулығы орташа ауыр
Ал Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев жас отбасы кеншілер шаһарына қоныс аударған соң, ешқандай құзырлы мекеменің көмегіне жүгінбегенін айтып ақталды. Сондықтан жауапты сала өкілдері де балалардың жағдайы туралы бейхабар болып шыққан.
"Бұл отбасыны айдаладағы қыстақтан емес, әкімдіктен бес минуттық жерде орналасқан, қаланың қақ ортасындағы жалдамалы пәтерден тапты. Сонда халық санағы қалай жүргізілді? Әлеуметтік қорғау өкілдері неге отбасының жағдайын бақылаусыз қалдырды? Бұл отбасыға неге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жоқ? Балалар білім және денсаулық сақтау басқармаларының есебіне неге тіркелмеген? Сұрақ көп, жауап жоқ. Бір отбасының мәселесі бірнеше мемлекеттік мекеменің олқылығын, тұтас жүйедегі қателікті көрсетіп берді. Сондықтан тез арада шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын", – деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Сонымен қатар аймақтың басшысы мәселені бақылаудан шығарып алған Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдеріне сөгіс жариялады. Олардың қоластындағы қызметкерлерге де жаза қолдануды жүктеді. Бүгін осы мәселе бойынша ҚР Премьер-министірінің орынбасары Ералы Тоғжанов Екібастұз қаласына арнайы келіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, медициналық көмек көрсету туралы кеңес өткізбек.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.