Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Қала басшысы базарларды жаңғырту және Солтүстік айналма жолдың бойында көлік дәлізін салу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда бес жерүсті жүргіншілер өткелі мен автотұрақтар салынып жатыр.
Отырыс қорытындысы бойынша Ахметжан Есімов Солтүстік айналма жолдың айналасындағы жер телімдерін мемлекеттік қажеттілік үшін сатып алу үдерістерін барынша тездетуді тапсырды. Одан басқа, әкім транспорт дәлізін салу мерзімі мен үстіміздегі жылы іске қосылатын 5 жүргіншілер өткелінің құрылысын қатаң бақылауда ұстау керектігін баса айтты.
Бұған дейін Алматы қаласының базарларын жаңарту бағдарламасына сәйкес, сот шешімдері бойынша, Солтүстік айналма жолдың маңайындағы 16 заңсыз базар сүріліп тасталған болатын. Қазір тағы 14 базар бойынша жер телімдерін мемлекет пайдасына алу үдерісі жүруде.
Сауда-көлік дәлізі жобасы бойынша Солтүстік айналма жолда сегіз жолақты жылдам магистраль мен сол негізгі трассаның екі жағынан қосалқы жолдар салынады. Олар бойынша сол аумақта бой көтеретін қазіргі заманғы сауда орталықтарына баруға болады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының базарларын жаңарту бағдарламасы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің бастамасымен бұдан үш жыл бұрын қаланың бас жоспарын жүзеге асыру шарасы аясында қолға алынғанды.
Базарларды жаңарту бағарламасы бойынша заманауи сауда жүргізу нормаларына жауап беретін жаңа сауда кешендері мен Солтүстік айналма жолдың бойында сауда-транспорт кешенін салу кезделген.