McDonald’s жылдам тамақтану мейрамханалар желісі Ресейдегі 850 мейрамханасын уақытша жабады, - деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Мейрамхананың жабылуы туралы бас директор Крис Кемпчински қызметкерлерге жазған ашық хатында хабарлады.
"McDonald's жағдайды бағалауды жалғастырады және қандай қосымша шаралар қажет екенін анықтайды. Қазіргі кезеңде Ресейдегі мейрамханаларымызды қашан қайта ашатынымызды болжау мүмкін емес", - деді Кемпчински.
Агенттіктің мәліметінше, хатта мейрамханалардың жабылатынына қарамастан, компания өз қызметкерлеріне жалақы төлей беретіні жазылған. Ресейдегі мейрамханалар желісінде 62 мың адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар, McDonald’s Украинадағы 100 мейрамханасын да жаппақ. Бұл елдегі қызметкерлерге де жалақы төленетін болады.
Сондай-ақ 8 наурызда Starbucks пен Coca-Cola Ресейдегі жұмысын тоқтататынын хабарлады. Бұл туралы Starbucks бас директоры Кевин Джонсонның сейсенбі күні компанияның сайтында жарияланған мәлімдемесінде айтылған.
Сонымен қатар Coca-Cola компаниясы Ресей Федерациясындағы қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған. «Coca-Cola компаниясы бүгін Ресейдегі қызметін тоқтататынын хабарлайды», - делінген компания хабарламасында.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.