Рудный қаласында көршісі өртеп жіберген бала әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
16 наурыз күні Рудныйда 44 жастағы ер адам көршісінің үйіне барып, 32 жастағы әйелді қолындағы баласымен бірге өртеп жіберген.
Содан кейін полицейлер баланың ауыр күйікпен жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан. Дәрігерлер баланың денесінің 40%-дан астамын күйік шалғанын айтты. Әйелдің қолы күйген.
Кейін «Хабар 24» арнасы баланы Рудныйдан Қостанайға алып кеткенін хабарлады.
Қазіргі уақытта бала Қостанай қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оны медикаментоздық ұйқыға жатқызғанын, жағдайы әлі де өте ауыр екенін айтуда.
Айта кетейік, аталған факті бойынша полицейлер “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті қамауға алынды.
“Қылмысты тергеу жеке бақылауыма алынды. Ашығын айтсам, көп жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, түрлі жайттарды көрдім. Бірақ бұл жағдай мені қатты алаңдатып, таңқалдырды”, – дейді Қостанай облысы ПД басшысы Ерлан Омарбеков.