$ 443.37  474.49  4.83

«Қапшағайды көркейту жөнінде бас жоспар әзірленді» - әкім

Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Орынбасарұлы Қапшағай Алматы облысының орталығы болысымен қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілетінін жеткізді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының орталығы болайын деп жатқан Қапшағай қаласын көркейтуде қандай істер атқарылады? Қапшағайдағы казинолар басқа қалаға көшіріле ме? Туристерді тартудағы қаланың әлеуеті қандай? Қалаға Қонаевтың атын беруге тұрғындар қалай қарайды? Осы және өзге де сұрақтарға Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Орынбасарұлы жауап берді.

Әкімнің айтуынша, тоғыз жолдың торабында тұрған Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы болуға әбден лайық. Туризм, аграрлық сала, өндіріс пен шағын және орта бизнесті дамыту үшін өңір өте қолайлы.

Қапшағай маңында 1300 гектар жерді алып жатқан өндіріс аймағы бар. Ол жерде ірі жеті инвестициялық жоба іске асырылады. Одан бөлек туризм мен ауыл шаруашылығымен айналысуға да ыңғайлы, – деді ол.

Тағы оқыңыз: Алматы және Жетісу: Президент Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды

Сонымен қатар ол Қапшағай Алматы облысының орталығы болысымен қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Қала қай бағытқа қарай өсетіні, әкімшілік орталығы қай жерде болатыны барлығы егжей-тегжейлі жоспарға енгізілген.

Алматы облысының әкімі Қанат Алдабергенұлы Қапшағайға өзі келіп, қаладағы мән-жайды көріп, танысып кетті. Алдағы 1-2 аптада қаланың бас жоспары бойыша облысқа өз тарапымыздан ұсыныс енгіземіз. Өңірдегі жұрттың көкейінде қаланың қай жаққа қарай өсетіні туралы сауал бар. Қазір қаланы көркейту бойынша үш жоспарымыз бар. Шешімді басшылық өзі қабылдайды, дегенмен біз бас жоспарға өзгеріс енгізуге кірісіп кеттік, – деді әкім.

Қапшағай өңірінде 2013-2018 жылдары қаланы дамыту жөнінде төрт бас жоспар енгізіліпті. Ондағы төртінші жоспар бойынша жаңа қала Қапшағай маңында орналасу керек болған екен.

Сондай-ақ бізде мастер жоспар бар, ол жаңа Іле қаласы. Бұл Алматы-Өскемен тас жолының төменгі жағында, яғни Бақанасқа кететін күре жолдың төменгі тұсында болу керек. Бас жоспар бойынша қала сол жаққа қарай өседі, біз соны ұсынып отырмыз. Ол жерде 1200 гектар жеріміз бар, оның барлығы мемлекеттің меншігінде. Екіншісі Жифор Сити жоспары. Үшіншісі Самал ардагер деген жеке тұрғын үй құрылысына арнаған алаң, соны да жоспарға енгізсек деп отырмыз, – деді Н. Орынбасарұлы.

Қапшағай ішкі туризмді дамытуға қолайлы

Қапшағайда туризм саласы жыл өткен сайын жақсы дамып келеді. Алматы іргесінде тұрғандықтан жазда суға шомылуға келушілер саны толастамайды.  Пандемия батсалғалы мұнда келіп демалушылар аны тіптен артқан. Қазір қала бойынша 76 туризм нысаны жұмыс істеп тұр.

Биыл тағы 5 ірі нысан іске қосылады. Оның жалпы сомалық құны 5,3 млрд теңге. Ол жерде 450 жаңа жұмыс орыны ашылады. Қапшағай туризм саласына өте ыңғайлы. Алматы мен жақын маңдағы елдімекендер үшін Қапшағай су арнасына келіп демалған қолайлы. 2021 жылы 1 млн 200 мыңдай турист келді. Биыл олардың санын1,5 млн адамға дейін жеткізсек деп отырмыз. Келетіндердің 80-90 пайызы отандық туристер, дегенмен Ресейден келетіндер де бар. Пандемия басталғалы ішкі туризм серпін алды. Келешекте Қапшағай жағажайы керемет демалыс орталығына айналады, – деді ол.

Тағы оқыңыз: Қапшағайда баспана бағасы күрт өсіп кетті

Қалада туризмді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр екен. Жағажайларды абаттандыру жұмыстары қазірден басталып кеткен.

Биыл мемлекетен қаражат бөлініп, №8 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталып кетті, онда 50 гектар жер бар. Келешекте ол жерде де әдемі демалыс орталығы пайда болады, – деді әкім.

Казино көшіріле ме?

Президенттің жарлығымен Алматыдағы казинолар мен ойын орталықтары Қапшағай қаласына орналастырылған. Сондай-ақ 2021 жылғы 4 қаңтарда президенттің жарлығымен букмекерлік орталықтарды Қапшағай қаласына орналастыру шешімі шыққан.

Қала әкімі Нұрлан Орынбасарұлының мәліметінше, өлкедегі 3,5 мың адам казинолар мен өзге де ойын мекемелерінде  жұмыс істеп күнелтуде.

Казинолар мен ойын орталықтарын басқа жерге көшіру жағын уақыт көрсете жатар. Менің ойымша, казинолар қалатын шығар. Олар халықты жұмыспен қамтығаннан бөлек ел бюджетіне көп мөлшерде салық төлеп отыр, – деді әкім.

Кей мәліметтерге қарағанда қаладағы казинолар банкротқа ұшырап, нысандар басқа мақсатта пайдаланыла бастаған.

Тұрғындар қалаға Қонаевтың атын беруді қолдайды

16 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі Алматы облысын екіге бөлінетінін айтты. Қазіргі Талдықорған қаласы Жетісу облысының орталығы болса, Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Оған қоса халық қолдаса Қапшағайға Д. Қонаевтың атын беруге қарсы емес екенін айтты.

Қаланың әкімі Нұрлан Орынбасарұлының мәліметінше, тұрғындардың барлығы Қапшағайға Қонаевтың атын беруге қарсы емес, керісінше бұл бастаманы қолдап отыр екен.

Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Мекебай Қуанышбайұлы қалаға Қонаевтың атын беруді қуана қолдайтынын жеткізді.

Президент халықтың ойынан шыға білді. Қалаға Қонаевтың атын беру жөніндегі ұсынысты қуана қолдаймын. Ол кісінің көрегендігінен мұнда қала салынды. Бұрын бұл жерде ескі Іле болатын. Былтыр Қапшағай қаласы 50 жылдығын атап өтті. Сонда ел ағалары, ауыл ақсақалдары мен азаматтардың барлығы қалаға Қонаевтың аты берілсе екен деген тілектерін айтқан еді. Қаланың ортасында Д. Қонаевтың ескерткіші тұр, ұзақ сапардан келісімен үнемі соның басына барып, тәу етіп өтеміз. Ол керемет, ұлы адам. Елімізде қаншама  қала салды. Оның атын барлығы сыйлайды. Қапшағайға ол кісінің атын беру дұрыс шешім, – дейді қала М. Қуанышбайұлы.

baq.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары