$ 494.87  520.65  4.91

Ұлттық жоба: Қарағанды облысында жолдар салынып жатыр

Аймақтың басты инфрақұрылымдық жобасы – «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін жүргізу.

Экономика саласындағы маңызды бағыттардың бірі – көлік жүйесі. Өйткені бұл бағыт инфрақұрылымның басты бағыттарының бірін құрап, ел экономикасының дамуына ықпалын тигізеді. Сол себепті де көлік жүйесі мәселесі мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының қабылдауы да сол сөзімізге дәлел болмақ. Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуын ұлттық жоба аясында Қарағанды облысындағы салынып жатқан жолдарға арнаймыз.

Қарағанды облысының жалпы пайдаланылатын автокөлік жолдарының желісі 12422 шақырымды құраса, оның ішінде республикалық маңызға ие жолдардың ұзындығы 2785 шақырымды, облыстық маңызға ие жолдардың ұзындығы 3443 шақырым және аудандық маңызға ие жолдардың және елдімекендердегі көшелердің ұзындығы 6194 шақырымды құрап отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру және жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру аясында жалпыға ортақ пайдаланылатын 1600 шақырым жол жөнделді. Автокөлік жолдары жобалары үшін барлығы 3 мыңға жуық арнайы техника-құрылғылар тартылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Аймақтың басты инфрақұрылымдық жобасы – «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін жүргізу. Жалпы ұзындығы 513 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының учаскелерін қайта жаңарту мәселесі басты назарға алынбақ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірге Қарағандыдан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолда 302 шақырым бойынша қозғалыс ашылды, қолданыстағы жол бойында 184 шақырымда көлік қозғалысы жүзеге асырылуда, қалған 19 шақырым бойынша қозғалыс үйінді және айналма жолдар бойынша жүзеге асырылады.

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша аталған жолдардан бөлек ұзындығы 208 шақырым болатын «Жезқазған-Қызылорда» автожолын қайта жаңарту үшін мердігерлік ұйымды анықтауға мемлекеттік сатып алу туралы конкурс жарияланды, жұмыстарды қорытынды шығарылғаннан және Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаннан кейін бастау жоспарлануда. Сондай-ақ «Жезқазған-Қарағанды» жобалық-сметалық құжат әзірлеу бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар бастау алды», - деді Қарағанды облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин.

Облыстық маңызға ие жолдарға тоқталсақ, былтыр Қарағанды ​​облысы әкімінің, сондай-ақ мәслихат депутаттарының қолдауымен 502 шақырым жол жөнделді, 200 шақырым жол пайдалануға берілсе, 115 шақырым жолда жаңа жабын бойынша қозғалыс ашылған болатын.

Биыл аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту үшін жалпы пайдаланылатын 1400 шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеу үшін бюджет қаражаты бөлінген. Олар республикалық маңызға ие жолдың 640 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, оның ішінде Қарағанды-Балқаш автожолының 363 шақырымын және Балқаш-Бурылбайтал автожолының 150 шақырымын қайта жаңартуға, сондай-ақ Қызылорда-Павлодар учаскесіндегі жолды жөндеуге жұмсалмақ.

Облыстық маңызға ие жолдардың бойында жалпы ұзындығы 464 шақырымды құрайтын 29 нысанды қамту жоспарлануда. Бұл ретте «Нұра-Осакаровка» тас жолының 63-83 шақырымындағы проблемалық учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл жобаны жүзеге асыру екі аудан орталығы Нұра елді мекені мен Осакаровка елді мекені арасындағы жөндеу жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді.

Азаматтық авиация саласының болашағы жарқын бағыт — жергілікті әуе желілерінің инфрақұрылымын дамыту. «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында 2023-2024 жылдары Ұлытау және Қарқаралы аудандарында 2025 жылға дейін екі әуеайлақ салу көзделген.

Балқаш өңірінің туристік саласын қарқынды дамыту жағдайында Балқаш қаласының әуежайы ерекше рөл атқарады. Бүгінгі күні аэровокзал ғимаратын, перронды және жермен жүру жолын қайта жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. Жалпы, бүгінде жолаушылар тасымалы саласында ілгерілеушілік бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Қарағанды өңіріндегі жолдардың салынуы ел экономикасына да оң ықпалын тигізуде. Оған «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысында жүргізіліп жатқан көлік жүйесіндегі оң өзгерістер дәлел болмақ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары