Рейтингке барлығы 100-ден астам ел қатысып, олардың ішінде Қазақстан таза ауа жағынан артта қалғандар қатарында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. Швейцариялық IQAir бақылау тобы өз сайтында ұсыныған рейтингісінде ауасы ең ластанған елдердің қатарына Қазақстан кірді.
Компанияның 2021 жылғы есебінде Қазақстан әлемдегі ауаның ластануы бойынша 23-орында екендігі айтылған. Бірінші орында Бангладеш, екінші орында Чад, үшінші орында Пәкістан. Алғашқы ондыққа Тәжікстан, Үндістан, Оман, Қырғызстан, Бахрейн, Ирак және Непал кірді.
Сарапшылардың пікірінше таза ауа бойынша Жаңа Каледония аралы бірінші орында, екінші орында Виргин аралдары, үшінші орында Пуэрто-Рико. Айта кетейік, ең ластанған ауасы бар астаналар рейтингінде Нұр-сұлтан 35-ші орында тұр. Бірінші орында Нью-Дели (Үндістан), екінші орында Дакка (Бангладеш), үшінші орында Нджамена (Чад).
Ресей 80-ші орында, Мәскеу – 73-ші орында. Сарапшылар Азия мен Африка елдерінің барлығы бірдей толыққанды мониторинг деректерін бере алмағанын атап өтті. Рейтингте барлығы 117 мемлекет көрсетілген.