Бүгінде «жасыл» экономика жолына көшпеске амал қалмады. Қазақстан әлемде болып жатқан үрдістерден тыс қала алмайды. «Жасыл» экономика-бұл әзіл емес, ХХІ ғасырдағы адамзат үшін шұғыл қажеттілік, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан өзге елдердегідей тамыры Кеңес дәуіріне кететін елеулі экологиялық проблемаларға тап болды. Жердің үштен бірі пайдалануға жарамсыз. Он миллион гектардан астам жер белсенді айналымнан шығарылды. Су ресурстарының тапшылығы тағы бар. Қоршаған ортаның өнеркәсіптік ластануы нәтижесінде адамдардың денсаулығына төнген қауіп деңгейі басым.
Он жасқа дейінгі 40 мың балада қорғасынның әсерінен неврологиялық бұзылулар бар. Қалаларда ауаның ластануының жоғары деңгейі байқалады, бұл жылына алты мыңға дейін мерзімінен бұрын өлім-жітімнің орын алуына әкеледі. Коммуналдық-тұрмыстық қатты қалдықтардың 97 пайызы бақыланбайтын үйінділерде және санитариялық стандарттар талаптарына сай келмейтін қалдықтар көмілетін орындарға айналған.
Осы ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің VIII саммитінде ұсынған түркі елдері бірлесіп жұмыс істей алатын бірнеше басым бағытты атап өтуге болады.
«Біз жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды дамытатын боламыз. Бұл туралы біздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамамызда айтылған. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы он жыл ішінде парниктік газдар шығарындылары 15%-ға төмендейді. Біз 2025 жылға дейін 500 мың гектарға 2 млрд ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қазір біз елдегі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесін 3%- ға дейін жеткіздік. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15%-ға дейін өседі. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Нұр-Сұлтанда «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» ашылды, – деген болатын Президент.
Қазақстанға сондай-ақ, экономикалық көрсеткіштерде, өмір сүру деңгейінде және қоршаған орта жағдайында айтарлықтай аумақтық әртектілік мұраға қалған. Жаңа индустриялар мен «жасыл кластерлерді» дамыту өңірлерді дамытудағы теңсіздікті төмендетуге және олардың әлеуетін жаңартылатын энергетикада, ауыл шаруашылығында, су ресурстарын басқаруда, Қалдықтарды кәдеге жаратуда және басқа да секторларда пайдалануға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибе «Жасыл экономика» өңірлік дамуды ынталандыратынын, «Жасыл экономика» секторларында жаңа жұмыс орындарын құру есебінен әлеуметтік тұрақтылыққа, экономикалық әлеуетті ұлғайтуға ықпал ететінін көрсетті.
Мысалы, Бразилияда топыраққа күтім жасаудың, ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетілдірілген жүйесі есебінен ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру жүргізілді. Немістің «Дортмунд» көмір өнеркәсібінің орталығы «Үшінші индустриялық революция» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектордың орталығына айналды.
Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметінің бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы шеңберінде Дүниежүзілік банк ауа сапасын басқару жүйесін жаңғыртуға жәрдемдесу бойынша, сондай-ақ, өнеркәсіптің экологиялық талаптарды орындауы үшін қажетті тиісті нормативтік-құқықтық реформалар бойынша ұсынымдар ұсынды. Қазақстан «жасыл» экономикаға көшуге кешенді тәсіл қабылдаған Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы алғашқы елдердің бірі болып табылады. «Жасыл» экономикаға көшудің жаңа тұжырымдамасы Қазақстанның экологиялық стандарттарын Еуропалық Одақта (ЕО) қабылданған стандарттарға сәйкес келтіру мақсатын көздейді. Ұсынылған жетілдірулер қазіргі заманғы экологиялық таза технологияларды пайдалана отырып, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өнеркәсіпті жаңғыртуды жеделдетуге бағытталған.
Финляндия метеорологиялық институтымен (ФМИ) бірлесіп ұйымдастырылған министрліктердің қызметкерлері үшін Финляндиядағы өнеркәсіптік кәсіпорындар бойынша танысу сапарлары практикалық тәжірибе алмасу және оқыту үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етті. Дүниежүзілік банк пен ФМИ қазіргі уақытта осы ұсынымдарды Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметін жаңғырту жоспарларына енгізу бойынша жұмыс істеуде.