«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ деректері бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарындағы автожолдардың 45 учаскесінде, оның ішінде 24 республикалық және 21 облыстық маңызы бар жолдар жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ТЖМ ахуалдық орталығында жедел ден қою және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін республикалық жедел штаб құрылды. Штаб республикалық азаматтық қорғау қызметтерімен тығыз жұмыс жүргізуде. Бірқатар облыста да осындай штабтар жұмыс жасауда», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
Азаматтардың төтенше жағдайлар мәселелері бойынша жүгінуі үшін ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді 8 (7172) 53 32 84.
«Барлық жабық жол учаскелерінде ТЖД, ПД және жол қызметі қызметкерлерінен посттар қойылды. Автомобиль жолдарына (дәмхана, қонақ үй) жақын орналасқан жылыту пункттері дайындалып, іске қосылды», - делінген ақпаратта.
Айта кетсек, Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында қатты дауыл салдарынан шатырлар мен ағаштар құлаған, сондай-ақ электр жарығы өшкен. Төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккен және қайтыс болмағанын мәлімдеді.
Ведомство сондай-ақ, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
«Тұрғындарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту хабарламаларына назар аударыңыз және қажетті сақтық шараларын ұмытпаңыз. Елдімекендер арасындағы жолға шықпас бұрын, алдағы ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеу керек. Ағаштардан, тұрақсыз және қауіпті құрылымдардан аулақ болыңыз», - делінген ТЖМ хабарламасында.