$ 444.14  477.05  4.85

Әкімдікке тегін топырақ берген кәсіпкердің басы дауға қалды

Жасаған қайырымдылығы үшін енді ол 11 млн теңге айыппұл төлеуі тиіс.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысында аудандық әкімдікке тегін топырақ берген кәсіпкердің басы дауға қалды. Жасаған қайырымдылығы үшін енді 11 млн теңге айыппұл төлеуі тиіс. Бұған қоса экологтар тағы екі заң бұзушылық бойынша 600 млн теңге айыппұл салған. Кәсіпорын иесі жазықсыз екенін дәлелдеу үшін соттасып жүргеніне бір жарым жылдан асқан, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қостанай аудандық әкімдігі Тобыл өзені жағалауын абаттандыруға қажет топырақты Михаил Корнеевтен тегін беруді сұрап, меморандумға отырады. Карьерге әкімдік өз жұмысшыларын жіберген. Олар кәсіпорынға бекітілген аумақтан 2 метр жерге ауытқып, қазып тастайды. Мұны көрген экологтар табиғатқа залал келтірдің деп кәсіпкерге 11 млн теңге айыппұл салған.

Көмектескенім үшін жазаламақшы. Әкімдік мемлекеттік қажеттілік үшін деп барлығын тегін алды. Топырақты қазған да өздері. Менің не жазығым бар? Енді 11 млн теңге айыппұлға 6 млн теңге салықтық берешек қосылады. Барлығы 18 млн теңгені қайдан аламын. Бұл сауда жақсы жүргенде табатын бір жылдық табысымыз. Қайтадан сотқа аппелияциялық шағым жасаймыз, - дейді құм карьерінің иесі Михаил Корнеев.

Бұл экологтар тапқан үш заңсыздықтың бірі ғана. Қалған екі заңбұзушылық бойынша 600 млн теңге айыппұл салынған екен. Кәсіпкер 2 жылға жуық табан тоздырып, сотта бұл қос айыптаудың негізсіз екенін дәлелдеп шықты. 

Оның маркшейдерлік қызметті атқаруға лицензиясы жоқ болып шықты. Көшпелі сот кезінде қалай есептеулер жүргізгенін жөндеп түсіндіре де алмады. Осындай шалағай маманның есебіне сүйеніп шағын карьер иесіне 600 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ол бұл соманы өле-өлгенше төлей алмас еді, - қорғаушы Наталья Кулешова.

Енді кәсіпкер сотқа заңсыз тартқан экологиялық департамент мамандарының жазаланғанын қалайды. Бір жарым жылдан артық соттасып жүргенде қан қысымы жиі көтеріліп, қан құрамындағы қант мөлшері артқан. Алайда, мемлекеттік қызметкерлер өздерін айыпты санамайды. 

Бүгінде біздің тарапымыздан заңбұзушылық болды деп жатыр. Бірақ бұлай айыптауға еш себеп жоқ. Біз бұл мәселе бойынша сотқа шағымданамыз, деп отыр облыстық экологиялық департаменттің бөлім басшысы Зияда Бисақалова.

Жалпы, Қостанай облысында былтыр мемлекеттік мекемелердің шешімімен келіспеген 150 ден астам бизнес субъектілерінен шағым түскен. Солардың жартысының құқығы қорғалды. Шағымдардың көбі салық органдары мен мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары және ауылшаруашылық саласына байланысты болыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары