$ 494.87  520.65  4.91

Түркістанда бірнеше үйді тонаған күдікті ұсталды

Анықталғандай, күдікті жас жігіт үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт АПБ полицейлері Түркістан облысының бірнеше ауданында жасалған 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар үй ұрысын ұстады, деп хабарлайды aikyn.kz сайты.

Анықталғандай, күдікті жас жігіт үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған. Және ұрланған бөтеннің мүлкін Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.

Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен 1 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан белгісіз адамды іздеуге және ұстауға кіріскен.

«Осы қылмысты ашу мақсатында, ТО ПД КПБ-ның тәжірибелі жедел уәкілдері мен қазығұрттық полицейлерден жедел-тергеу тобын құрдық. Пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шараларын іске асырдық. Қылмысты ашу бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілді. Куәлардан жауап алынып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстары атқарылды. Осылайша түркістандық тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол бұдан алдын да пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Яғни күдікті өзінің бұрынғы соттылығына қарамастан, қайта қылмысқа барған. Үйреніп қалған теріс әрекетін жалғастырған ұры, Түркістан облысының Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында соңғы үш жыл, яғни 2020, 2021, 2022 жылдар аралығында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Оңай жолмен олжалы боламын деп ойлаған күдікті, аталған аудандарға түнгі уақытта барып, ешкім жоқ үйлерге терезесін бұзып ашу арқылы кіргені анықталып отыр. Содан тек алтын мен ақшаларды қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған»,– дейді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары