Алматыда адам өлтірді деген күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аса ауыр қылмыс 4 сәуірде таңертең Бостандық ауданында болған. Ақпарат "102" пультіне сағат 8:59-да түскен.
"Аңшы мылтығы оғынан 1975 жылы туған Ш. есімді азамат қаза тапты. Қылмысты ізін суытпай аштық. Күдікті Алматы қаласының Алатау ауданы аумағында арнайы жоспар нәтижесінде ұсталды", - деді Әбдірахманов.
Қылмыс жасалған қару тәркіленген. Кісі өлтіру себебі анықталып жатыр. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижесі Полиция департаменті бақылауында.