$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда осыдан төрт жыл бұрын салынған үйлер сүрілуі мүмкін

Бұқпа өзенінің сағасында салынған үйлер бұзылса, 100-ден астам тұрғын баспанасыз қалады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

5 сәуірде Қарағанды қаласы бойынша су басқаны жөнінде 194 хабарлама келіп түскен. Тіпті, қызыл су шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлерді де басқан. Ресми мәлімет бойынша, жеке сектордағы 27 үй, 21 жертөле мен бір дүкенге су кірген.

Қызыл су Қарағандының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аудан тұрғындарын әбден әуреге салды. Тұрғындардың дені үйіне кіре алмай, басқа жерде түнеуге мәжбүр болған. Әсіресе, Тәттімбет көшесіндегі жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерді су басқан. Төтенше жағдайлар қызметі мен әкімшілік мамандары түнімен жүріп судың бетін далалы аймаққа бұрған.

Қала шетіндегі Жұмыскер елді мекенінде су топырақ үйінділерін үш жерден жарып өтіп, 8 жер үй аумағын басып қалған. 5 сәуірде түн ішінде мұндағы тұрғындар мектепке көшірілді. Сол түні Университет көшесіндегі үш қабатты үш үйдің тұрғындары да қауіпсіз жерге шығарылған.

Қарағанды билігі қазір су басқан аймақтар құрғап, жағдай қалыпқа келе бастағанын айтады. Дегенмен, Университет көшесіндегі үш үйдегі 39 пәтердің тұрғындары баспанасына әлі оралған жоқ. Олардың кейбірі қонақ үйге орналасса, жартысы туыстарының үйін паналаған.

Бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Университет көшесіндегі үш үйдің тұрғындары әзірге қонақ үйде, қазір үйлер тексеріліп жатыр, - деп мәлімдеді Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Көктемгі су тасқыны Университет көшесіндегі үш үйдің тұрғындарын алаңдатып қойды. Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесуінде бұл үйлердің Бұқпа өзені арнасының бойына салынғандықтан, олардың болашағы бұлыңғыр екенін айтқан. Тұрғындар мұндай қауіптің бары рас болса, құрылысқа кім рұқсат бергенін айтып шу көтерді.

«Сонда бұл үйлерді салуға кім рұқсат берген, неге ешкім қадаламаған? Адамдардың тағдырымен ойнау деген осы! Біздің ендігі жағдайымыз не болады? Балаларым көп, үйді әзер дегенде ипотекаға алдым – 15 жылға. Ертең мына үй құлайтын болса, қайда барамыз? Кімге үміт артамыз?», - дейді Университет көшесінің тұрғыны Жұмабек Төлеу .

Университет көшесіндегі үш қабатты үш тұрғын үй 2018 жылы пайдалануға берілген. Қала басшысы Бұқпа өзенінің арнасына үй салуға кім рұқсат бергенін құзырлы орындар анықтайтынын жеткізді. Егер Бұқпа өзенінің арнасы маңында салынған жаңа үйлерге қауіп төнетіні рас болса, жүзден астам тұрғын баспанасыз қалуы мүмкін.

«Бұл үйлердің Бұқпа өзенінің арнасына салынуы үлкен мәселе туғызды. Мұнда тұрғын үйді салу жүйесі толығымен бұзылған. Үйлерден бір метр жерде Бұқпа өзені ағып жатыр», - деп мәлімдеді қала әкімі Ермағамбет Бөлекпаев.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары