$ 498.34  519.72  4.85

Америкалық сарапшы сайлаудан соң Өзбекстанның жаңа өмірі басталатынына сенімді

Өзбекстандағы президенттік сайлаудан кейін елде үлкен өзгерістер орын алуы мүмкін. Бұл туралы Джонс Хопкинс университеті (АҚШ) жанындағы Орталық Азия мен Кавказ институтының төрағасы Фредерик Старр мәлімдеді.

Оның пікірінше, сайлау экономикасы тұралап қалған елге міндетті түрде жаңашылдық алып келуі тиіс. «Сайлаудың аты сайлау. Одан кейін не болады? Міне, бар мәселе осында. Менің ойымша, Өзбекстандағы президенттік сайлаудан кейін елде дамудың жаңа кезеңі басталады», — деп атап өтті Ф.Старр.

Сарапшының пікірінше, қазіргі өзбек билігі өздеріне бүкіл әлем назар аударып отырғанын жақсы біледі. Сондықтан, өткен қателіктерге жол бермеуге барынша тырысып бағады.

Естеріңізге салайық, Өзбекстанда кезектен тыс президенттік сайлау 4 желтоқсан күні өтті. Елдің Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлаушылардың 87,8 пайызы, яғни 17 млн 941 адам дауыс берген.

Қоғамдық пікір сауалнамасы бойынша, мемлекет басшысы қызметін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевтің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Мирзияев алғашқы өзбек президенті кезінде премьер-министр болды. Ол ішкі және сыртқы саясат бағытын әрі қарай жалғастыруға уәде берді.

Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы республиканың алғашқы президенті Ислам Кәрімов қайтыс болған соң ұйымдастырылды. Ресми мәлімет бойынша, Ислам Кәрімов 2 қыркүйекте 79 жасында миына қан құйылу салдарынан қайтыс болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары