$ 441.66  475.14  4.86

«Беті жырылып, басы жарылған»: Балабақшада жарақат алған баланың оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды

«Баламды көргенде танымай қалдым. Беті жырылған, басы жарылған. Денесі сырылып кеткен. Жүре алмайды. Қорыққаны сонша әлі күнге ұйықтай алмай жатыр».
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында балабақшада жарақат алып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген бір жарым жасар баланың оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Баланың анасы Ажар Пернебектің айтуынша, 12 сәуірде ұлын балалар таситын көліктен қарсы алған кезде жарақат алғанын көрген. 13 сәуірге қараған түні жағдайы ауырлаған соң жедел жәрдеммен Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

- Баламды көргенде танымай қалдым. Беті жырылған, басы жарылған. Денесі сырылып кеткен. Жүре алмайды. Қорыққаны сонша әлі күнге ұйықтай алмай жатыр. Баламның қауіпсіздігіне жауапты адамдар жазалануын талап етемін, - дейді ол.

Ажар Пернебек Азаттық тілшісіне ұлының "балалар таситын көліктен түскеннен кейінгі" суреттерін де көрсетті. Онда баланың басы мен беті қан екені, денесі сырылып, жырылғаны көрінеді.

Тағы оқыңыз: Балабақшаға кеткен бүлдіршін ауыр дене жарақатымен ауруханаға түсті

Облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Ғалым Байтөренің сөзінше, баланың беті мен мен басы, жамбасы жырылған. Сан сүйегі сынған. Баланың жамбасына ота жасалған. Жағдайы орташа ауыр, бірнеше айдан соң қайта ота жасалады.

Облыстық білім басқармасы баланың көліктен түсіп, тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлап жарақат алғанын, баланың қауіпсіздігін қадағаламағаны үшін балабақша меңгерушісіне шара қолдану жайы қаралып жатқанын мәлімдеді. Ал облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен (345-бап) қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу басталып баланың қалай жарақат алғанын және жарақат алуға не себеп болғаны тексеріліп жатқанын хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары