Ораза сәресіне тұрмаған адам не істеуі керек? Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек қажы Мұқатай жауап берді, деп хабарлайды Altaynews.kz порталы.
Оның сөзінше, Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді.
“Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Ашура күні" жаршыға былай жария етуді бұйырды: "Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмамдасын. Ал ештеңе жемеген адам, сол күйінше жемесін!". "Бұл хадистен түсінетініміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де еш нәр татпастан, сол күнгі оразасын ұстайды. Лаж болса, сәресіні жібермеген жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Сәресіде береке бар" деген. Сәресіде тәбетіңіз тартпай тұрса, тым болмағанда су ішкен жақсы. Осылайша, өзіңіздің денеңізді күні бойы қажетті сұйықтықпен қамтамасыз еткен боласыз. Оның үстіне, сәресі – адамға рухани демеу", - деді Ермек қажы Мұқатай.
Сондай-ақ имам имам сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептелетінін айтады. Олай болса аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек. Яғни, таң намазының уақыты кірісімен, ішіп-жеуді тоқтату керек.
"Құран Кәрімде ауыз бекіту уақыты жайында былай делінген: "Таңға дейін, (яғни) "қара жіп" "ақ жіптен" айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар". Бұл аяттағы "қара жіп" – түнді, ал "ақ жіп" – таңды білдіреді. Яғни, қараңғылық кетіп, таң анықтала бастаған уақытта ішіп-жеуді тоқтату керек деген сөз", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша бас имамы.
Айта кетейік, биыл ораза 30 күнге созылады. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні. Ал биылғы пітір садақа мөлшері – адам басына 500 теңге.