Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов тергеу изоляторында ұстау шарттарына шағымданбаған. Бұл туралы ҰҚК мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған Мәсімовтің денсаулық жағдайы күрт нашарлағаны және бостандыққа шығару керегі туралы ақпарат тараған еді.
"Мәсімов К.К. уақытша ұстау изоляторында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес материалдық-тұрмыстық және медицина-санитарлық тұрғыдан қамтылған. Қамауда ұстау шарттарына байланысты, соның ішінде медициналық қамтамасыз етуге шағымданған жоқ", - деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер.Айта кетейік, ҰҚК 8 қаңтарда Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны туралы хабарлаған еді. Оған мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен басып алмақ болды деген айыптар тағылған.