Төрт қабатты № 28 жалпы орта білім беру мектебінде өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды. Өрт салдарынан бір ұстаз зардап шеккен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға орнында 13 техника, 70 адам, жергілікті атқарушы органдардан үш су тасығыш жұмыс істеуде.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймардановтың айтуынша, қазіргі уақытта шатыр жанып жатыр. Тілсіз жаудың неден шыққаны және келтірілген шығын көлемі анықталуда.
- Тексеруден кейін нәтижесін жариялаймыз. Алдын ала болжам бойынша, 1200 шаршы метр аумақ отқа оранған. Жалын қатты таралып, қалың түтін басқан. Өртті кеш анықтаған. Осыған байланысты өрт сөндіру бойынша жағдай күрделене түсті. Барлық күштер мен құралдар, дабыл бойынша жеке құрам жұмылдырылды. Шағын өртті өздігінен сөндіруге тырысқан болу керек, - деді Қайрат Шаймарданов.
Оқиға орнына барған аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов бүгін төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізетінін айтты.