23.04.2022, 23:37

Алматыда қоймалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалды

Қару-жарақпен қоқан-лоққы көрсетіп, компьютерлік техниканы, ірі сомадағы видеокарталарды тартып алып, ізін суытқан.

Алматыда техника қоймасына үш адам қарақшылық шабуыл жасады. Күдіктілер Жамбыл облысынан ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше,  үш адам қойма күзетшісін жабылып ұрып-соққан. Ол аздай, қару-жарақпен қоқан-лоққы көрсетіп, компьютерлік техниканы, ірі сомадағы видеокарталарды тартып алып, ізін суытқан.

«Осы факті бойынша жедел-іздестіру тобы құрылды. Жедел іздестіру нәтижесінде күдіктілер Шу қаласында ұсталды. Олар Шу арқылы пойызбен Нұр-Сұлтан қаласына кетпек болған.

Олжаның бір бөлігі өздерінде болды. Ұрлаған заттардың негізгі бөлігін елордаға жіберген. Тауарлар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Процессуальдық әрекеттерден кейін видеокарталар иесіне қайтарылатын болады», – делінген хабарламада.