Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: ««Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты». Сонымен қатар, мемлекет басшысы алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді жолында өзінің Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрған болатын. Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек, деп тапсырма берген еді. Осы тұста Skifnews.kz ақпарат порталы Алаш зиялыларына қатысты біраз жұмыстар атқарған «Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылтайшысы Заңғар Кәрімханмен пікір алмасқан болатын.
- Алаш азаматтарын ақтауда атқарылған жұмыстар туралы, өзіңіз құрылтайшылық ететін қоғамдық қор жайлы ақпарат беріп өтсеңіз?
- «Qyr balasy» қоғамдық қорының құрылғанына 2-3 жылдың жүзі болды. Нақты жұмысқа өткен жылдан бастап кірістік. Алаш кезеңін зерттеуде нәтижелі жұмыстар атқарып жатырмыз. Қордың негізгі атқаратын міндеттерінің бірі – осыған дейін тыйым салынған, есімі ескерусіз қалған, көп атала бермейтін Алаш қайраткерлерінің есімдерін, дәріптеу, ұлықтау және олардан қалған асыл мұра – шығармашылығын жинау, басып шығару. Негізгі екі үлкен миссиямыз осы.
Әлихан Бөкейханның әдебиеттегі бүркеншік аты – Қыр баласы болғанын барлығымыз білеміз. Сондықтан атауымыздың да өзіндік символдық мәні бар. Өткен жылы Алаш қайраткерлерінің ішінен Ғазымбек Бірімжан, Біләл Малдыбайұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Біләл Сүлейұлы және Абдолла Байтасұлының алаштың өз заманындағы шоқ жұлдыздарының алғашқы еңбектерін жарияладық. Жарық көрген шығармалар аталған бес тұлғаның өзіне тиесілі. Академиялық негізде жинақталды, алғы сөз жазылды сондай-ақ бірге түсініктемелері мен фотошежіресі берілді. Осыдан 100-110 жыл бұрын ол кісілердің өз заманында газеттерде, журналдарда қалып қойған, ешкім қарамаған, ашылмаған еңбектерін сол заманның қаріпінен бүгінгі күннің кириллицасына аударып жарияладық. Аталған бес тұлға да кезінде өз уақытында елеулі еңбек еткен тұлғалар. Олардың өмірі, еңбектері бүгінгі күн үшін маңызды.
- «Qyr balasy» қорының басқа да мүшелері туралы айтып өтсеңіз?Олардың ішінде жас ғалымдар бар ма?
- Негізгі құрылтайшысы, бас директоры – Елдос Тоқтарбай. Одан бөлек, Ә.Бөкейханұлы атындағы «Алаштану» ғылыми-зерттеу институтының басшысы – Ұшқын Сәйдірахман, белгілі суретші – Алмас Сырғабаев бар. Республиканың әр аймағында, облыс орталықтарында оның ішінде Қостанайда, Семейде, Алматыда өкілдеріміз жұмыс істейді. Жас ғалымдар, зерттеушілер, қорымызда бірқатар жұмыстар атқарып жүр. Мысалы, Ғазымбек Бірімжанның жинағы да алғаш рет жарық көрген болатын. Оны сарғайған газет беттерінен, мұрағаттардан, басылымдардан сүзіп жинастырған – Данияр Ихсан атты жас ізбасарымыз. Біләл Малдыбайұлының еңбектері негізінде «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы» деген атпен зерттеу еңбегі жарық көрді. Оның авторы – Ерден Ахмет атты қорымыздың жас зерттеушісі.
- Балаларға арналған қандай кітаптарыңыз бар және олардың дәріптелуі, оқылуы, сатылым жағы қалай болып жатыр?
- Балаларға арналған да біраз дүниелер жасадық. Соның бірі – «Құлыншақ» деп аталады. Алматы облысы бойынша тұңғыш рет жүзеге асырылды. Алғашқы томы поэзиялық жинақ болса, екінші томы прозалық антономия. Бұл кітаптың сапасы жақсы, ішкі мазмұны өте бай. Соның арқасында оқырман арасында қызығушылық туындатып, сұранысқа ие болып отыр. Кешегі өткен кітап көрмесінен байқауымыз бойынша, ең көп сатылған кітап осы «Құлыншақ» болды. Өйткені, мектеп жасындағы балалардың рухани қажеттілігін өтеу үшін осындай еңбектер көптеп керек екенін аңғардық. Бұл еңбектің ерекшелігі – әр облыстың өзінен шыққан балалар жазушыларының, Республикалық деңгейде аты шықпаған 50 қаламгердің жұмысын қамтыдық. Екіншіден, бұл қаламгерлердің суреттерін жай қоя салмай, белгілі суретші дизайнеріміз – Алмас Сырғабай графикалық тәсілмен, яғни, қарандашпен безендірді. Бұл баланың бейнелеу өнеріне жалпы көркем өнерге деген эстетикалық талғамын қалыптастырады деп ойлаймын.
- Ендігі жоспарларыңыз қандай? Жоба жалғасын таба ма?
- Қордың жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Біз қор жұмысының алға басуы үшін аянып қалмаймыз. Алда атқарар жұмыстар жетіп артылады. Алаш қайраткерлерінен бастап, қатардағы мұғалімге, ауыл молдасына, ел батырына дейінгі, тіпті кеңес билігінің астында жүрсе де Алаш идеясына ниеттес, мүдделес адамдарды қамтимыз деген ойдамыз.
«Өкінішке қарай, түгелге жуығы халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды», деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы Алаш зиялыларын ақтауға ат салысып, кезінде тыйым салынған дүниелерді зерттеп ұрпаққа дәріптеп жүрген әрбір ұлт жанашырына өз алғысымызды айтамыз.