$ 448.89  477.93  4.76

Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі әрқашан зор

Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Кітап – рухани қазына,  мол мұра. Ол қараңғы және алыс сапарда жарық беретін шам іспеттес. Бір оқулық – мың адамның көзін ашып, көкірген оятатын күшке ие. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деп келтірген. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында президент сөзін басшылыққа ала отырып әдебиет аясында орын алып жатқан еліміздегі  соңғы жаңалықтарға сараптама жасамақ. 

Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде еліміздің іргелі білім ордаларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңес залында мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, саяси ғылымдардың  докторы Ержан Исақұловтың «Шыңғыс хан» атты және шағатай, араб, парсы тілдерінің білгірлері Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрк тарихы» атты кітаптарының тұсауы кесілген болатын.

Біздің тарихымыздың оның ішінде түркілік кезең мен Шыңғыс хан дәуірі туралы қалың оқырманға сыр шертетін бұл қос кітаптың таныстырылымы өте жоғары деңгейде өтті. Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген белгілі ғалымдар мен тарихшылар таныстырылған еңбектердің маңыздылығын және келер ұрпаққа әсер ететін қозғаушы күші туралы баса айтып, туындылардың авторларына толағай табыс, шығармашылық шарықтау тілей отырып, кітаптың берері мол туындылардың қатарына қосылғандығымен құттықтады. 

«Шыңғыс хан» кітабы автордың айтуынша Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты тарихи кітабының аясында жарыққа шыққан. Яғни, туындыда моңғол кезеңіне дейін және одан кейінгі кезеңдердегі деректер мен мәліметтер келтірілген. Ал «Ұлы түрк тарихы» кітабы болса, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттің түркітану ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жобасы аясында жарыққа шыққан. 

Тарихи кітаптан бөлек елімізде сатира жанрындағы туындылар да жарыққа шығып, өз оқырмандарының жүрегінен жол тауып жүр. Солардың бірі Әдебиет Белгібайұлының «Мырс-мырс» атты сатира жанрында жазылған жинағы. Қарағандыда өткен кітаптың тұсаукесер шарасына зиялы қауым өкілдері, журналистер және белгілі сатирик Көпен Әмірбек қатысты. Кітаптың тұсаукесері әдеттегіден ерекше форматта «Сәкен» театрында өтті. Тұсаукесер салтанатын қойылыммен ашып, театр әртістері «Мырс-мырс» жинағынан алынған «Икасай» әңгімесін сахналады. 

Сатира саңлағы Көпен Әмірбек, белді жазушы Кенжебай Ахметов және кітаптың шығуына себепкер болған Ерсін Мұсабек кеште сөз сөйлеп өз жылы лебіздерін жаударды. Ерсін Мұсабек өз кезегінде кітап шығару дәстүрін бір орында қалдырмай жалғастыру керектігін және оқырманды қуантуға әлі де ат салысатынын жеткізді. 

Кешке келген әдебиет жанашырларының пікірінше Әдебиет Белгібайұлы «Мырс-мырс» жинағының авторы ретінде қазақ сатирасына жаңадан қосылған қаламгер ретінде көпшілікке танылмақ. 

Сондай-ақ кейінгі уақытта кітап көрмелерін көптеп ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ауыз толтырып айтарлығы Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтың мерейтойына орай Ресейде  ұйымдастырылған кітап көрмесінің ашылуы. Бұл көрмені еліміздің Санкт-Петербургтағы Бас консулдығы мен Ресей ұлттық кітапханасы, жергілікті қазақ диаспорасы бастамашы болып бірігіп ұйымдастырған. Аталмыш іс-шараға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы көп. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері, кітапхана басшылығы, қала тұрғындары мен қонақтары және өзіміздің қандастарымыз бар. Көрмеде бас аяғы жүз шақты әртүрлі экспозициялар ұсынылған. Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсыновтың «Qazaq» газетінің 1913 жылдың 2 ақпанында шыққан мақаласының түпнұсқадағы бірінші басылымы бар болса, көрмеге Мұхтар Әуезовтің 1929  жылы қазақ балаларына арналып шыққан "Жаңа ауыл" атты орысша әліппесі қойылған. 

Көрмеге қатысушылар аталған іс-шараның еліміз бен Ресей арасындағы екіжақты гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мен нығайтуда маңызды рөлі бар екенін айтып өтті. Бұл шара осымен тоқтап қалмай осы жылдың қыркүйек айында Мұхтар Әуезовтың бұл жолы толық шығармаларынан көрме ұйымдастыру туралы шешім қабылданып отырғанын жеткізді. Жалғасы бар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары