$ 494.87  520.65  4.91

Аударма – түпнұсқа портреті

Баспадан шығатын барлық өнімдер жоғары көркемдік безендірілуімен, жоғары деңгейлі полиграфиялық сапасымен ерекшеленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн», — деп атап өткен болатын. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында «Фолиант» баспасының аударма саласындағы атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасамақ.

«Фолиант» баспасында Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Италия, Литва, Венгрия, Түркия, Беларусь, Ресей, жазушыларының, заманауи ертегі авторларының және балалар әдебиеті классиктерінің еңбектері, халық ертегілері, оқу-ағарту, танымдық топтамалар, балалар поэзиясы ұсынылған. Баспадан шығатын барлық өнімдер жоғары көркемдік безендірілуімен, жоғары деңгейлі полиграфиялық сапасымен ерекшеленеді. Аударылатын барлық кітап әртүрлі серияға бөлінеді. Мысалы, "Әлемдік классика", "Сөз-маржан" сериясы және тағы басқалары.

Классикалық туындылардың қатарында заманауи венгр суретшісі Габор Тот әзірлеген Ганс Христиан Андерсеннің «Таңдаулы ертегілер» және «Ғажайып ертегілер» атты екі жинағы бар. Сондай-ақ иллюстрациясын танымал америкалық суретші әрі балалар кітаптарының авторы Руф Сандерсон дайындаған Дж. Макдональдтің «Алтын кілт» кітабы алғаш рет қазақ тіліне тәржімаланып, оқырман назарына ұсынылды. «Әлемдік классика» сериясымен «Адам-балық», «Могиканның соңғы тұяғы», «Тектік сарын» және т.б. кітаптар шықты.

Баспадан жарық көрген жаңа туындылар қатарында түрік жазушыларының да еңбектері баршылық. Жас әрі талантты жазушы, суретші Нұр Домбайжының, ыстамбұлдық бірлігі жарасқан отбасының саяхаты туралы Сара Гюрбюз Озереннің туындылары, Тулин Көзікоғлу, Эсра Авгёреннің танымдық оқиғалары ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Жануарлар әлемі туралы қызықты шытырман оқиғаларды Дайнюс Шукис пен Валерий Кастрючиннің кітаптарынан оқи аласыз. Литвалық автор әрі суретші Дайнюс Шукис «Көңілді ферма» циклімен жарық көрген әңгімелерінде фермадағы қайнаған тіршілікті түрлі кейіпкерлер арқылы шебер сипаттайды, ал беларусь жазушысы Валерий Кастрючин табиғаттағы жан-жануарлардың, құстар мен жәндіктер әрекеттерін, өмірі мен сыртқы ортаға бейімделуін нақты деректермен бейнелейді.

Мажар суретшісі Габор Тот пен ирландиялық суретші Аттила Нагидің суреттерімен бейнеленген «Қыстың қызықты хикаялары», «Күміс шана», «Ескі шатырдағы ертегілер» және «Ескі шатырдағы сиқыр» жинақтары әр отбасының негізі – жауапкершілік пен жылулық, мейірімділік, жақынына қол ұшын созу, көмекке дайын болу және адамдардың бір-біріне деген сыйластығы сияқты асыл қасиеттерді насихаттайды.

Балаңызбен қандай да бір маңызды тақырып төңірегінде сөйлескіңіз келсе, жазушы Хейди Ховарттың кітаптары көмекке келеді. «Мен неге қорқамын?», «Мен неден бақыттымын?», «Мен қалай батыл болам?», «Неліктен мен көңілсізбін?». Бұл әңгімелер кітап оқу барысында неге көңіл бөлу керек екенін, хикаяны оқығаннан кейін балаңызбен қандай мәселені талқылау керектігін түсіндіретін балалар психологының ескертулері, ұсыныстарымен толықтырылған.

Сондай-ақ, ересектерге арналған аударма кітаптардан Стивен Кингтің "Шоушенктен қашу", "Жасыл миль", Джо Диспензаның "Сергек сана", Толкиннің "Сақиналар әміршісі", Брэдберидің "Фаренгейт бойынша 451 градус", Агата Кристидің кітаптары, "Мың бір түн" төрт томдығы, Шарлотта Бронтенің "Джейн Эйр" романы, Луизы Мэй Олкотттың "Кішкентай ханымдар" кітабы, Мо Янның "Өмір мен өлім азабы" сынды танымал шығармалары қазақ тіліне аударылған.

Бұл аталмыш баспаның бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарының жемісі. Елордада бесінші мәрте өткен халықаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап-көрме жәрмеңкесіне жоғарыда аталған барлық кітаптар ұсынылған. Жалпы жыл аяғына дейін қанша туынды аударылатынының нақты саны белгісіз. Өйткені, «Фолиант» баспасының аудармашысы Гүлзат Ақжолованың сөзіне сүйенсек, баспаға қандай да бір жақсы жоба мен дүние ұсынылса мамандар кезек күттірмей бірден жұмыс істеуге кіріседі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#аударма