$ 494.87  520.65  4.91

Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі әрқашан зор II

Әдебиет сүйер қауым үшін кітапқа арналған жаңалықтар легі мұнымен толастаған жоқ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

23 сәуір — халықаралық кітап және авторлық құқық күні. Осыған орай Елордада бесінші мәрте халықаралық Еуразия кітап-көрме жәрмеңкесі өтті. «Eurazian Book Fair-2022» шарасын ұйымдастырушылар «Фолиант» баспа үйі болса, ресми қолдаушылары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі болып табылады. 

Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап сатылымы, ағарту саласы, ғылыми білім беру және полиграфия компанияларын бер жерге жинау болды. Көрме алаңында елімзде жарық көрген кітаптардан бөлек, Ресей, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Иран, Түркия, Қытай елдерінің туындылары ұсынылған. Кітап мерекесі үш күнге жалғасты.

«Eurasian Book Fair-2022» Еуразия халықаралық кітап жәрмеңке аясында жасөспірім оқушылар мен студенттердің,  ересек  оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында мәдени бағдарламаларды бір жерге топтастыру  жоспарланған.

Аталмыш Халықаралық кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанатында алғаш болып сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды тілегін білдірген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: "Бұл кітап көрме-жәрмеңкесі осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл көрме жас, жаңа баспалардан бастап, өз оқырмандарын тапқан іргелі баспа үйлеріне дейінгі барлық кітаптарды біріктірген баспагерлердің, ақындар мен жазушылардың, музыканттар мен суретшілердің үлкен думанды тойы. Жас баспалардың тасы өрге домалай берсін. Жас жазушылардың туындылары шетелдерде мойындала берсін. Баспалар арасындағы байланыс жылдан жылға нығая түссін! Осы ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесі ел мен елдің, халық пен халықтың, әдебиет пен әдебиеттің арасын жалғайтын алтын көпір болсын! Үлкен табыстар тілеймін!",- деді өзінің құттықтау сөзінде.

Әдебиет сүйер қауым үшін кітапқа арналған жаңалықтар легі мұнымен толастаған жоқ. Осы жылы «Үздік шығарма» және «Жылдың үздік кітабы» атты республикалық бәйге өтеді. Бұл жайында Сенат депутаттарының қойылған сұрағына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында сөз етілген. Отандық әдебиетке жанашырлық аясында Мәдениет және спорт министрлігі кітап сүйер қауымның қызығушылығына ие туындыларды конкурс негізінде мемлекет қаржысынан басып шығарады. Сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдер үшін де туындылар жарық көреді. 

Ералы Тоғжановтың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен балаларға арналған шығармаларды көптеп баспадан шығару жан-жақты қарастырылған. Толығырақ тарқататын болсақ,  2021 жылы балалар әдебиеті жанрында 40 шығарма 120 мың дана таралыммен басылып оқырманға ұсынылған. Мемлекет тапсырмасымен жарық көрген әдебиет қалың оқырман үшін тиімді жолмен шығуы үшін кітаптардың электронды нұсқалары еліміздің ұлттық электрондық кітапханасына жүктеледі. 2019 жылы ертеден келе жатқан қазақ балаларына арналған шығармаларды жоғалтпай, өскелең ұрпаққа табыстау тұрғысында «Балалар әдебиетінің алтын қоры» қалыптасқаны белгілі. Сол қорға арнайы құрылған топтың қабылдауымен балалар әдебиеті жанрында 2582 туынды енген болатын. 

«Өткен жылы дәстүрлі кітап оқуды дәріптеу бағытында үш жылға арналған жалпы республикалық жоспар ұсынылды. Жоспарға сәйкес 67 іс-шара ұйымдастыру күн тәртібіне енді. Солардың бірі danabala.kz балалар әдебиеті порталының жұмысқа қосылуы. Порталға өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері келе жатқан қазақ жазушыларының 22 кітабының электронды нұсқасы салынған. Бүгінгі таңда сайтқа өз еліміздің балалар ақын-жазушыларының, шетелдік қаламгерлердің 200-ге тарта туындылары жүктелген. Сонымен қатар осы жылы республикалық деңгейде «Үздік шығарма» «Жылдың үздік кітабы» сайыстары өтеді», - деп келтірген Ералы Тоғжанов өз жауабында. 

Бұдан бөлек, жас қазақстандық қаламгерлерге дем беру мақсатында Президенттік әдеби сыйлық табыстау шарасы қарастырылып отыр. Қазіргі кезде Президенттің тиісті Жарлық жобасы жауапты мемлекеттік органдармен келісім жасасуда. Президент сыйлығы «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» бөлімдері бойынша бұрын-соңды жарыққа шықпаған туындылары үшін еліміздің 18-29 жас аралығындағы қаламгерлерге табысталатын болады. 

Қазақ әдебиетіне қатысты жаңалықтар легі осындай. Оқырман қауымды қуантатын кітапқа қатысты жағымды жайттар тізбегі әлі де жалғаса беретініне сенеміз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары