«Қайрат Рысқұлбековті соңғы рет моншаға апарған кісі Семейде тұрады екен. Сол кісіні іздеп, бетпе-бет сөйлессең жақсы болар еді» деген редактор тапсырмасын былтыр желтоқсан айында алған едім. Бірақ ол кісіні табу оңайға түспеді. Телефондарын табуын тапқаныммен, өзімен сөйлесудің реті келмеді. Кезінде Семей облыстық Қаржы полициясының (1994-1996 жылдары) басшысы қызметін атқарған Мэлс Асқарұлы жол нұсқап, тәптіштеп айтып, түсіндірмесе, «Халық Қаһарманының» соңғы сәттеріне куә болған жанмен жолыға алмайды екенбіз. Семейдегі оқшаулау тергеу изоляторында 1979-1991 жылдары еңбек етіп, осы мекемеде жасағында конвой, бақылаушы, каптерщик болған Мақсұт Оспанов Түйемойнақ аралының ар жағындағы ауылда, 43 автобустың соңғы аялдамасы жанындағы бір-бірімен жапсарлас салынған жер үйлердің бірінде тұрады екен. «Ол кісі күнде сағат 11-ге дейін арал жаққа серуенге барады. Тапсаң, 11-ден кейін табасың. Соңғы аялдамадан түсіп, сол маңдағы кісілерден сұрасаң, Мақсұттың үйін біледі» деген Мэлс Асқарұлы. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, Мақсұт ағамыз тура алдымыздан шықты. Серуенге енді шығып барады екен.
– Мақсұт аға, Желтоқсан көтерілісінің Қаһарманы, қазақтың батыр ұлдарының бірі Қайрат Рысқұлбековті соңғы рет моншаға апарған өзіңіз екенсіз.
– Иә, әлі күнге дейін есімде. Сағат 3 кезінде моншаға өзім ертіп апардым, киімін, бәрін ауыстырып бердім. Сағат 4-5 шамасында камераға кіргіздім. Таңертең келсем, түрмеде айғай-шу. «Қайрат асылып қалыпты» дейді. Не болғанын өзім түсінбей қалдым.
– Мақсұт аға, бұл тақырыпқа қазір келеміз. Әуелі Қайрат Рысқұлбековпен алғашқы кездесуіңіз жайында айтыңызшы.
– Семейдегі оқшаулау тергеу изоляторында 10 жылдан астам уақыт еңбек еттім. 10 жылдың 9 жылында түнгі ауысымда жұмыс істедім. Кейін дәрігерлер денсаулығыма байланысты тыйым салған соң күндізгі ауысымға ауыстым. Біздегі каптерщик ауырып қалды да, соның орнына келдім. Қайратты сол кезде алғаш рет көрдім. Оған дейін ол туралы жұмыстағы жігіттерден естіген болатынмын. Біркісілік камерада отырды. 22 камера – ерекше бақылаудағы камера. «Смертниктер камерасы» деп аталатын, онда ату жазасына кесілгендер отырады.
– Қайраттың күнделік дәптері болғанын айтады. Ішінде жазған өлеңдері болған деседі.
– Түрмедегі әрбір кісінің заттарын, киімін қоятын арнайы орын болады. Қайраттың қалың дәптері сонда тұратын. Ұмытпасам, түсі қоңыр болуы керек. Іші тола жазу. Бір күні «Күнделігіңді оқуға бола ма?» деп Қайраттың өзінен рұқсат сұрадым. «Оқыңыз. Бірақ ешкімге бермеңіз», – деді. Біреуге берсем, өз басыма бәле болады ғой. Сөйтіп, Қайраттың күнделігін оқыған жайым бар. Оқыдым дегеннен гөрі шолып шықтым дегенім дұрыс шығар. Әке-шешесіне арнаған өлеңдері, махаббат тақырыбындағы өлеңдері болды. Сөздері есімде қалмапты. Бір өлеңі ұзақтау екен. Шумақтары көп. Бірнеше рет оқып, жаттай алмадым. «Мына өлеңің жақсы. Бірақ ритмі жоқ екен», – дедім Қайратқа. «Бәрібір ғой, аға. Ең бастысы, жүрегімнен шыққан дүниелерді жаздым. Оқыған кісі ойымды түсінеді. Ритммен жазатын ақын емеспін ғой», – деді.
– Қайтыс боларының алдында күнделікті камерасына алып кеткені рас па?
– Негізі, бізге беруге болмайды. «Беріңізші, аға. Ештеңеге алаңдамаңыз» деп қиылып сұраған соң амалсыз бердім. Бір жағы қорықтым. Біліп қойса, мені жұмыстан шығаруы да мүмкін еді. «Қолыңыздан алдым, қолыңызға беремін. Таңертең аласыз», – деді. Таңертең анадай жағдай болды. Күнделік сол күйі табылған жоқ. Кейін табылды деп естідім. Өзім бірақ көрген жоқпын. Осылай боларын білсем, дәптерді көшіріп алар едім. Ол кезде фотоға түсіріп алатын ұялы телефон да жоқ қазіргідей. «Мен түрмеден шықпаймын. Бұлар қалайда болса шығармайды. Қайтсе де көзімді құртады. Мен секілді адамдарды түрмеден шығармайды. Өздері болмаса да біреуге айтып өлтіртеді. Қазіргі саясатты білесіз ғой», – деді маған оңаша қалған сәттерінде.
– Сезген секілді ғой…
– Әрине, сезді. Ол көп нәрсені білетін. Алматыда алаңда не болды, қандай жағдай болды? Бәрін өз көзімен көрді ғой. «Мен шықсам, көргенімнің бәрін жариялаймын. Жарияласам, не болатыны белгілі. Олар мұны қаламайды» дейтін. «Тек бір өкінішім, бүкіл Қазақстан мен сияқтыларды қолдап, көтерілсе, Колбинді алып тастар едік. Біреудің қабағына қарамайтын өзіміз бөлек ел болсақ. Орыстардан не жақсылық көрдік?!» деген сөзі де ойымда қалыпты.
– Сізді өзіне жақын тартып сөйлескен секілді ме, қалай?!
– Толық ашылмаса да, кейде осылай ойындағысын айтып отыратын. Моншаға түседі, жуынады. Негізі, менің жанымда бір офицер мен екі конвой болуы керек. Әсіресе, офицер камерадан шығарып, кіргізгенде міндетті түрде жүруі қажет. Кейде олардың қолы тимегенде моншаға өзім алып жүре беретінмін. «Сен қалай қорықпайсың?» деп қызметтестерім таңғалатын. Шынымды айтайын, басында сескеніп жүрдім. Адам болған соң қорқыныш сезімі болады ғой. Соны сезді ме: «Аға, қорықпаңыз. Менің сізде шаруам жоқ. Сіздің маған ешқандай зияныңыз жоқ. Моншаға әкелесіз, жуындырасыз, сіздің жұмысыңыз – сол. Мен Қазақстанға қарсы кісі емеспін. Алматыдағы жағдайды өздеріңіз біліп отырсыздар. Соның ішінде болғанмын. Сондай жағдаймен түскенмін», – деді бірде Қайрат.
– Алаңға барғанына өкінетін бе еді?
– Жоқ, олай деп айтқан емес. Бір күні «Жап-жас жігітсің. Ел дүрлікті деп, сен де дүрліктің. Сендерді алға тастады да өздері құтылып кетті. Сендер қалдыңдар» дегенімде: «Жоқ, олай емес. Арамызда айғай-шу шығарып, жағдайды ушықтырып, кейін құтылып кеткендер де бар шығар. Мен өз ісіме еш өкінбеймін» деп айтқаны бар.
– Ол кезде Желтоқсан көтерілісі, оған қатысқан жастар туралы қандай ойда болдыңыз?
– Шынымды айтсам, ештеңе ойлаған жоқпын. Мән берген жоқпын. Жұмыста «бунт подняли, теперь мы пострадаем» деп кейбір әріптестерім сыртынан сөйлейтін. «Онда нең бар? Кінәлі ме? Өзі үшін өзі жауап береді» дейтінмін. Кейін каптеркаға ауысып, Қайратты бірнеше рет моншаға апарғаннан кейін қандай адам екенін танығандай болдым. Кім екенін түсіндім. Қазақы жігіт болатын. Қазақша сөйлегенде сөздің түбін түсіретін. Өзім де қазақ мектебінде оқыдым ғой. Бірақ Қайраттың шешендігіне, көркем сөйлейтініне тәнті болушы едім.
– Қайратпен сөйлескеннен кейін ойыңыз өзгерді ме?
– Сөйлескенде, ашық сөйлеспейтін. Шет жағалатып айтатын. Қайрат табиғатында тұйық жігіт болатын. Камерада жалғыз отырады. Кейде есіктің тесігінен қараймыз ғой. Ойланып жататын. Не өлі, не тірі екенін білмейсің, тып-тыныш ұйықтап жатады. Артық мінезі жоқ, кейбіреулер секілді жөнсіз айғайлап, берекемізді қашырған жоқ. Тыныш болды. Содан кейін көп қарамайсың да. Ара-тұра тесіктен қарағанымызды сезіп қоятын. «Не көрдің?», – дейді. «Не ойлап жатырсың?», – деймін. «Мынадай жағдайда адам не ойлайды? Басыңа іс түссе, бәрі ойға түседі. Өткеніңді ойлайсың, алда не боларын ойлайсың. Бірақ менің алдағы күннен ешқандай үмітім жоқ» деп айтатын.
– Арасында спортпен шұғылданушы ма еді?
– Жаттығу жасайтын. Өзі тығыршықтай, қарулы жігіт болды. Мен Қайратты біреу асып өлтірді дегеніне сенбеймін. Қайрат бір-екі кісіге оңайлықпен бой беретіндердің қатарынан емес. Меніңше, оны әуелі өлтіріп, сосын асып қойды.
– Бұған дейін барлық кітаптарда, баспа беттерінде «Қайрат Рысқұлбеков Семей түрмесіндегі 21 камерада ажал құшты» делініп келді. Сіз бұған келіспейсіз ғой?
– Семей түрмесінде 10 жылдан астам еңбек еткен адаммын. Мен жұрт секілді естігенімді емес, көргенімді айтып отырмын. Қайратты өзім камерадан алып шығып, моншаға апарып жүрдім.
– Бір шикілік бар дейсіз ғой, бұл жерде…
– Солай секілді. Меніңше, Қайрат өз ажалынан өлген жоқ. Біреулер өлтірді. Ал оны 21 камераға ауыстырса күндіз ауыстыру керек еді. 22 камераны «камера смертник» дейміз. Оны екінің бірі аша алмайды. Жедел қызмет бастығы мен түрме бастығы ғана аша алады. Қайратты өзі отырған 22 камерада өлтіріп, 21 камераға апарып тастауы да мүмкін басқа адамның жанына. «Мынау өлтірді» деп жала жабу үшін.
– Сонымен, Қайрат Рысқұлбековті қанша рет апардыңыз моншаға?
– Ой, бірнеше рет апардым. Нақты қанша рет апарғаным есімде жоқ. Қазір ұмытып қала беремін. Моншаға он күнде бір апаратынбыз. Ойымда қалғаны, Қайрат моншаға түскенде бір рақаттанып қалатын. «Денем босап, жаным жай тауып, рақаттанып қалдым ғой» деп отыратын. Олай айтатын жөні де бар. Түрмеде оны серуендеуге де шығармайтын.
– «Қайрат қайтыс болды» дегенді естігенде қандай күй кештіңіз?
– Кеше ғана өзім ертіп әкеліп, камераға кіргізген адамым. Сап-сау жүрген. Ақыл-есі дұрыс, аяқ-қолы балғадай жігіт. «Аяқастынан не болды?» деп таңғалғаным рас.
Жұмыста Қайратты жалғыз өзім моншаға апарғаным үшін менен күдіктеніп, сұрақтың астына алған кездер де болды. Ал Қайрат қайтыс болғанда «Сен ештеңе көрген жоқсың, моншаға апардың да алып келдің. Аузыңды жап та тыныш жүр», – деді бастықтар. 10 жылдай ешкімге айтпай жүрдім. Мэлс Асқарұлы «ел-жұрт білсін, бұл – бір тарих» деген соң қазір ақырындап айтып жүрген жайым бар.
– Әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
aikyn.kz