Өзбекстанда жас жұбайлар туыстық қатынастарының жоқ екенін анықтау үшін молекулярлық-генетикалық тексеруден өтуге міндеттеледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Рodrobno.uz басылымына сілтеме жасап.
Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев қол қойды.
Өзбекстанда 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап некеге тұратын адамдарға міндетті молекулярлық-генетикалық тестілеу енгізілген.
Елде туысқандардың бір-біріне үйленуіне байланысты, балалардың денсаулығына зиян келмеуі үшін осындай шара қолға алынған.
“Тестілеу ерлі-зайыптылардың қаражаты есебінен Республикалық мамандандырылған гематология ғылыми-практикалық медициналық орталығының зертханасында жүргізіледі. Сараптамалар Республикалық халықтың репродуктивті денсаулығы орталығына және оның аймақтық бөлімшелеріне тапсырылады”, – делінген хабарламада.