$ 494.87  520.65  4.91

Кең таралған қауіп: әлемдегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды (2-бөлім)

Табысы төмен және табысы орташа деңгейден төмен елдерде тұратын әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Материалдың алғашқы бөлімі

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе етене жақын (жыныстық қатынасқа түскен) серіктесі тарапынан болатын жыныстық зорлық денсаулық сақтау саласының басты мәселесі және адам құқығының тапталуы болып саналады. Skifnews.kz порталында жарық көрген материалдың алғашқы бөлімінде тұрмыстық зорлыққа көбіне неше жастағы әйелдер ұшырайтыны қозғалған еді. Бүгін бұл көрсеткіш әлемнің қандай елдерінде басым екеніне шолу жасап көрмекпіз.

Табысы төмен және табысы орташа деңгейден төмен елдерде тұратын әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Бағалауларға сәйкес, кедей елдер тұрғындарының 37%-ы өмір бойы серіктесі тарапынан физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықтан жапа шегеді, ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш одан да жоғары және әрбір екінші әйел зорлыққа тап болады.

15-49 жас аралығындағы әйелдерге қатысты жыныстық серіктесі тарапынан болатын зорлық-зомбылықтың ең жоғары көрсеткіші Океания, Оңтүстік Африка және Африканың оңтүстігіндегі Сахара аймақтарына тән, онда бұл көрсеткіш 33-51%-ды құрайды. Ең төменгі көрсеткіштер Еуропада (16-23%), Орталық Азияда (18%), Шығыс Азияда (20%) және Оңтүстік-Шығыс Азияда (21%) тіркелген.

Күйзеліс, үрей

Зорлық-зомбылық туралы деректер көбіне мұндай қауіпке жас әйелдердің жиі ұшырайтындығын көрсетеді. Соңғы 12 айда қарым-қатынаста болған және интимдік серіктесі тарапынан зорлыққа ұшыраған әйелдердің ең көп үлесі (16%) 15-24 жас тобына келеді.

Зорлық-зомбылық кез келген түрі, тіпті зорлық эпизодтары бұрын болған болса да, әйелдің денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсер етеді. Зорлық-зомбылық дене жарақаттарының, депрессияның, мазасыздықтың, жоспарланбаған жүктіліктің, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, соның ішінде АҚТҚ-ның және денсаулықтың басқа да көптеген проблемаларының көбеюімен тікелей  байланысты. Зорлық-зомбылық бүкіл қоғам үшін ауыр зардаптарға әкеледі және елдің бюджетіне, жалпы даму процесіне түсетін ауыр жүктеме.

Шешім қандай?

Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін экономикалық және әлеуметтік теңсіздіктің жүйелі себептерін жою, білімге қолжетімділікті және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және гендерлік кемсітушілік нормалары мен осыған байланысты қоғамдық институттарды өзгерту қажет.

Бұдан басқа, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың табысты шаралары, атап айтқанда, зорлық-зомбылық құрбандарына көмектің аса маңызды түрлерін ұйымдастыруды және қолжетімділігін қамтамасыз етуді, әйелдер ұйымдарын қолдауды, теңсіздік туғызатын әлеуметтік нормаларды түзетуді, кемсітушілік заңнаманы реформалауды және зорлық-зомбылыққа ден қоюдың құқықтық тетіктерін нығайтуды көздейтін стратегияларды қамтиды.

Әлем елдері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен күресу үшін саяси ерік-жігер мен көшбасшылықты нығайту жөніндегі өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындауы қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары