Желі қолданушылары Telegram-чаттардың бірінде АҚШ-та биологиялық қару саналатын генетикалық тұрғыдан модификацияланған 750 мың маса табиғат аясына шығарылғанын жазған. Олардың айтуынша, масаларды жасауға Билл Гейтс жеке демеушілік еткен екен, - деп хабарлайды stopfake.kz.
Желіде тараған хабарламада бір-бірімен байланысы жоқ екі оқиға айтылған.
"Біріншісі генетикалық модификацияланған масалардың табиғи ортаға шығарылуына қатысты. Бұл - шынайы ақпарат. Жәндіктер Флоридада 2021 жылы жіберілген. Мұндай масалар биологиялық қару емес, керісінше, Зика вирусы сияқты қауіпті инфекцияларды тарататын масалардың белгілі бір түрінің популяциясын азайтуға арналған. Мұндай масалардың аталықтарына ұрпақтарына берілетін арнайы ақуыз енгізілді, бұл олардың жыныстық жетілуіне жол бермейді. Осылайша, қауіпті аурулардың жаңа өршуіне жол бермей, жәндіктер саны азаяды", - делінген басылым мәліметінде.
Жәндіктерді Oxitec мамандары модификациялаған. Жоба 2010 жылы қолға алынған. Сол кезден бастап зертханалық және далалық зерттеулер жүргізіліп, генетикалық өзгеріске ұшыраған аталық масалардың кейбір ұрпақтары жыныстық жетілуге жетсе де, маса популяциясы азайған.
"Екінші оқиға - "ұшатын шприц"-масалар жасау, олар шағып алған кезде адамға безгекке қарсы вакцина енгізеді. Бұл идеяның авторы - профессор Хироюки Матсуока. 2008 жылы ол Билл пен Мелинда Гейтс қорынан осы идеяға грант алған. Алайда хабарламада жазылған қордың негізін қалаушылар "ұшатын шприцтер жасай алған кез келген адамға" ақша ұсынуға дайын екені туралы ақпарат дұрыс емес. Матсуока - 2008 жылы қордан грант алған 104 жас ғалымның бірі. Қор жұмыс істеген жылдар ішінде осындай гранттарды жүздеген басқа ғалым да алды. Олардың барлығы әртүрлі жобалар мен әзірлемелермен айналысты, бірлесіп ұшатын шприцтер немесе биологиялық қару жасаған жоқ", - делінген басылым ақпаратында.
Хироюки Матсуоктың ғылыми еңбектерін ашық дереккөздерден табуға болады. Вакцина тасымалдайтын масалар шығаруға арналған кейінгі зерттеу 2010 жылғы тамызда жүргізілген. Содан бері жұмыс жаңартылмаған.
"Былтыр Флоридада табиғатқа жіберілген 750 мың масаның вакциналарға да, Билл Гейтске де, профессор Хироюки Матсуокаға да қатысы жоқ. Бұл жәндіктер биологиялық қару да емес, керісінше, қауіпті ауруларды тарататын масалар санын азайтуға ықпал етеді. Адамдарға вакцина егу қабілетіне ие масалар идея болып қана қалған жапон профессорының әзірлемесі. Бұл екі жобаның бір-біріне байланысы жоқ", - делінген басылым мәліметінде.