Өткен сәрсенбіде Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков депутаттық сауал жолдап, BI Group компаниясына қатысты біраз жайтты ашық айтты. Депутат еліміздегі алпауыт құрылыс компаниясына қатысты түбегейлі тексеріс жүргізуді сұрады. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдары өңірлерде BI Group компаниясы салған ауруханалардың қаншалықты дұрыс істеп тұрғанын, құрылысы қаншалық шығынына сай сапалы жүргізілгенін және басқа да тұстары бойынша жауапты органдарға тексеріс ұйымдастыру керектігін көтерді.
Тағы оқыңыз: «BI Group компаниясын тексеріңіздер»: депутаттар Бас прокуратураға жүгінді
Бүгін депутат сынаған BI Group компаниясы ресми жауап берді. Олардың жазуынша, инфекциялық модульдік ауруханалар құрылысына қатысты Deloitte халықаралық аудиторлық компаниясы қаражаттың орынды жұмсалғанын растап берген.
Одан бөлек, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының тексерістері бойынша бірқатар оң шешім қабылданғанын жазған. Оның ішінде Алматы мен Шымкенттегі тез салынған модульдік ауруханалардың құрылысында қылмыс құрамы жоқ екені және қылмыстық істі тоқтату туралы қаулылар былтыр шыққаны айтылған. Елордадағы аурухана бойынша да аудиторлық есеп оң қорытынды жасаған. Сондай-ақ барлығы 15 модульдік аурухана құрылысы бойынша қаражаттың орнымен жұмсалғанын қаржылық-техникалық сараптама нақтылап берген екен.
Алайда, компанияның ресми жауабында Атырауда ТШО жұмысшыларына арналған жатақхана бұзылып, соның материалдарын Алматыдағы модульдік аурухана құрылысына пайдаланды дегенге қатысты нақты жауап жоқ.
Ал тұрғын үй құрылыс нарығын жаулап алғанына қатысты айтқаны: былтыр ел бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынса, оның 950 мыңы немесе 5,6%-ы ғана BI Group компаниясына тиесілі. Олар бұл жерде ешқандай монополия белгісі жоқтығын айтып отыр.
Компания мәліметінше, BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінде 5 мыңдай қызметкер жұмыс істейді. Олар салған үйлерде 300 мыңдай адам тұрып жатыр.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин BI Group компаниясының елордадағы үлестік құрылыстың 60%-ын иемденіп алғанын мәлімдеген еді.