Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы шұңқырға құлап қайтыс болған төрт жасар баланың өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство өкілдері жазатайым оқиға 9 мамыр күні Алатау ауданы Қарасу ықшам ауданында кәріз сорғы станциясының құрылыс жұмыстары орнында болғанын еске салды.
Кәріз сорғы станциясын орнату жұмыстарын Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тапсырысы бойынша мердігер ұйымдар жүргізгендігі анықталды, - деп мәлімдеді Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы.
Прокуратура атап өткендей, «құрылыс жұмыстары 2021 жылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді, алайда мердігер ұйымдар белгісіз себептермен белгіленген мерзімде объектіні тиісті түрде тапсырмаған, оның мән-жай анықталып жатыр».
Қазіргі уақытта Алатау ауданының прокуратурасы аталған құрылыс обьектісі бойынша барлық құжаттарды талап етті, талдау және зерделеу нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің, мердігер ұйымдардың және басқа да қатысы бар жеке және заңды тұлғалардың іс-әрекеттеріне заңды құқықтық баға берілетіндігі туралы хабарлаймыз, - деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство бүлдіршіннің қайтыс болу дерегі бойынша іс-құжаттар аудан прокуратурасының АЕК-іне тіркеліп, тиісті шешім қабылдау үшін Полиция басқармасына жолданғанын атап өтті.