Павлодарда жеке сот орындаушылар кепілдікке қойылған 40 үйді бір ғана адамға сатқан. Әрі нарықтағы бағадан 5 есе арзанға саудалаған деп хабарлады astanatv.kz.
Баспанасынан айырылып қалғандар бұған күдікпен қарайды. Мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұр дейді. Үйінің аукционға қойылғанын тіпті үй иесі де білмей қалған жағдайлар кездескен.
Ақылбек Сіләмов бұрынғы үйінде 17 жыл тұрған. Баспананы несиеге сатып алып, негізгі қарызды төлеген. Алайда, 5 млн теңге берешек қалған кезде қаржылық қиындық туындап, төлей алмапты. Осы кезде жеке сот орындаушылар үйді небәрі 5 млн теңгеге бағалап, сатып жіберген.
«Біз аукционның өткенін де білмей қалдық. Сот орындаушысы келіп, үйді босатыңыздар дегенде ғана білдік. Кудиенко деген азаматқа 5 млн. теңгеге сатып жіберіпті. Ал, бұл үйдің нарықтағы бағасы 25-35 млн теңге тұрады», – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ақылбек Сіләмов.
Басындағы баспанасынан айырылған тұрғындар үйлерінің тым арзанға сатылғанына қарсы. Айтуларынша, 40 пәтерді тек бір ғана адам сатып алған. Зардап шегушілер бұл істің артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұрғанына сенімді.
«Мысалы, менің пәтерім 12 млн теңгеден тұрған кезде 2 жыл бұрын 4 млн-ға сатып алған. Бір азамат 30-40 пәтерді сатып алады меншікке. Әрі қарай өзі сатады. Ол мүмкін бе, қазіргі жағдайда? Ол мүмкін емес, қазіргі жағдайда. Ол мүмкін – сыбайластық болса», – деді Павлодар қаласының тұрғыны Ерлан Жакеев.
Аукционға қойылған баспаналар нарықтағы бағадан 5 есеге арзан сатылған. Ал заң бойынша үйдің бағасын тек 25 пайызға ғана түсіруге рұқсат беріліпті.
«Сатылымға шығарылған мүліктің бағасы алдымен өседі. Ал, екі мәрте сатып алушы болмаса, онда түсе бастайды. Бірақ нарықтағы құнынан 25 пайызға ғана арзан сатылуы керек. Әкімшілік істі қараған кезде сатып алушынының бірнеше аукционға қатысқан кездері болды. Заңда оған шектеу жоқ», – деді Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Жүсіпова.
Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы бұл мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат беруге құлықсыз. Амалы таусылған тұрғындар тағы да соттаспақ ниетте. Ал одан нәтиже болмаса, бас қаладан әділдік іздеуге бекініп отыр.