$ 494.87  520.65  4.91

«Уәде еткен үйді бермесеңдер, өртенем...» – елордада мәдениет қызметкерлері наразылық акциясын ұйымдастырды

Мәдениет қызметкерлері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өздеріне тиесілі пәтерлерді 2021 жылы алу керек еді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтанда мәдениет қызметкерлері наразылық акциясын ұйымдастырды. Өнер иелерін толғандырған басты мәселе – үкімет тарапынан бөлінген қолжетімді баспананың уақтылы берілмеуі. Мәдениет қызметкерлері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өздеріне тиесілі пәтерлерді 2021 жылы алу керек еді. Жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу туралы келісімге қол қойып, тіпті үйдің кілтін де салтанатты түрде алған адамдар әлі де баспанасыз жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жанұя» институтында ұйымдастырылған жиынға Тілендиев 38 мекенжайында салынып жатқан үйін ала алмаған азаматтар келді. Оларға үй былтыр берілетіні айтылған. Бір қызығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойында, яғни былтыр 16 желтоқсанда әкімдік арнайы шара ұйымдастырып, бітпей жатқан үйдің кілтін тұрғындарға тапсырған көрінеді. Алайда үй сол күйі берілмеген. Қай үй берілетінін, қай қабаттағы үйдің берілетінін мәдениет қызметкерлері білмейді.

«Бізге қаңтар айында пәтер берілетінін айтты. Бірақ алмадық. Ақпан айына ысырды. Наурыз айында деді. Наурыз да өтті. Мамыр келді. Біз бір жыл бойы аты бар, заты жоқ баспанамызды ала алмай жүрміз. Ол баспананың кілті де жоқ. Реквизиті ғана бар. Апта сайын келесі аптаға мәселесімізді ысыра береді», - дейді Қалибек Қуанышбаев атындағы театр актеры Әсем Шапайқызы.

Бір жылға жуықтап қалған уақыт ішінде елорда әкімдігінен де, Қазақстан тұрғын үй компаниясынан да бұл мәселе жөнінде нақты жауап берілмеген. Бір-біріне ысырған. Наразылығын білдірген мәдениет қызметкерлері тұрғын үй мәселесінің тез арада шешілуін талап етеді. Қолжетімді тұрғын үйлерге қол жеткізе алмай жүрген мәдениет қызметкерлері ұзақ уақыттан бері жалдамалы пәтерлерде тұрып, баспана мәселесінің барлық ауыртпалығын бастан кешкен. Маман иелері мәлімдегендей, талай рет жазылған хаттар мен жазбаша сұраныстардан, ресми кездесулерден нәтиже шыққан жоқ. Себебі жоғарыда аталған ұйымдар бір-біріне сілтеп, баспананың қашан берілетініне қатысты нақты жауап айтпай, әбден шаршатқан.

Бүгінгі жиынға келген Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов мәселені шешу үшін тұрғындардан бір ай сұрап отыр. Алайда тұрғындар оған сенбейді. Өйткені бұғанға дейін де бірнеше рет берілген уәделердің ешқайсысы орындалмаған.

«Баспанаға бола әкесін гарант қылып, ол әкесі қайтыс болып кеткен адамдар бар арамызда. Мыңнан астам адамды сандалтып қойдыңыздар. Әкімдік КИК кінәлі дейді, КИК әкімдікке сілтейді. Бізді ашуландырып жатқандарыңызды түсінесіздер ме? Сіздер Жаңа Қазақстан құрамыз дейсіздер. Мына түрлеріңізбен қалай құрасыздар? Айтыңыздаршы? Саясиландырмай-ақ қояйық дейміз. Бірақ сіздер бізді мазақ қылып жатырсыздар. Ұмытпаңыздар! Қаңтар оқиғасы осындай адамдарды қаңғыртып қойғандықтан болғанын ұмытпаңыздар! Соның әсерінен болды. Қаңтар оқиғасы болып жатқан кезде сіздер өтірік айттыңыздар», - дейді Қалибек Қуанышбаев атындағы театр актеры Жәнібек Мұсаев.

Театр қызметкері, көпбалалы ана Салтанат Ибадуллаева күнде 3 жасар баласын театрға жұмысқа таситынын айтады. Үй уақтылы берілмегендіктен, осындай әуреге түскен.

«Біздің басшылардың аузына сөз салып беруге кім құқық берді? Осындағы азаматтардың бәрі де өз пәтерін алуға лайықты! Әлеуметтік желіде туысқандарымыз фотомызды көріп, құттықтап жатыр (кілт тапсыру шарасынан). «Құтты болсынға» қашан барамыз деп балам сұрайды. Сіздерде бала бар ма өзі? Ашынып-күйініп жүрмін», - дейді ол.

Жиындағы әкімдік пен Қазақстан ипотекалық компаниясының қызметкерлері, GREENTECH компаниясының өкілдері жарытып ештеңе айта алмады. “Күтіңіздерден” аса алмады. Бір азамат тіпті «өзімді өртеймін» деді. Олардың айтуынша, мәдениет қызметкерлері – сол үйге орналасуы тиіс азаматтардың бір шоғыры ғана. Шын мәнінде ол үйді күтіп жүрген 297 отбасы (пәтердің саны сонша) бар. Бәрі де әлеуметтік саладағы қызметкерлер, қарапайым мұғалімдер мен дәрігерлер. Арасында әкімдік қызметкерлері де бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары