Алматылық Турсунтай Ғабитов, "заңсыз қару мен есірткі заттарын сақтады" деген айыппен қамауға алынған ұлының бостандықта жүргеніне наразы. Зейнеткер ұлының қылмысына дейін де өзін, яғни әкесін тонағанын, тіпті дәрігерлер "ұлыңның қолынан дәрі ішпе" деп тыйым салғанын айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Зейнеткер жақынына қатер төндірген адамды Алматы полициясы, қамауға алынған жерінен босатуға шешім шығарған Бостандық аудандық прокуратурасы аса қауіпті екенін неге білмейді деп ашынады. 74 жастағы зейнеткер Турсунтай Ғабитов арбаға таңылған. Инсульт алып, ауруханада жатқан кезінде емдеуші дәрігері өзіне ескертпе жасаған екен.
"Менің күтіміме қараған қыздарды ұлым ауыстыра берді. Дәріні өзіміз береміз деп шықты. Сол кезде дәрігер "Басқа адамның қолынан дәрі ішпе. Мүмкін ол дәріден өліп қалмайтын шығарсың, бірақ сол дәріні ішу арқылы сені басқару оңай болады, менің күдігім бар" деді. Палатаға дәрігерсіз ешкім кірмесін деген", – дейді зейнеткер Турсунтай Ғабитов.
Алайда дәрігердің осы тыйымынан кейін ұлы бір күні емі аяқталмай жатып, үйге алып келген екен. Сол кезде нотариусты да үйге алғызып, кейбір құжаттарға қол қойғызған. Зейнеткер дүние-мүлік пен бизнестің баласының атына аударылғанын кейін ғана білген. Құқық қорғау органдарына шағымданғаным үшін ұлы жағасынан да алыпты.
"Арбада отырмасаң, алып ұратын едім деп жағамнан алды. Ал кіші ұлымды киімімен баспалдақтан сүйреп, ана жаққа апарып тастады. Кейін есірткі және қарумен ұсталды. Полиция қамауға алып еді, қайта босатып жіберді. Өз ұлымның қамауға алынуын талап етемін", – деді Турсунтай Ғабитов.
Зейнеткердің қорғаушысы Роза Саитова 9 ақпан күні зейнеткердің ұлының қамауға алынғанын растады. Оның бөлмесінен заңсыз сақталған қару мен есірткі заттары тәркіленген.
"12 ақпан күні Ғабитовке ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-ші, 296-бабының 4-тармағымен іс қозғалып, прокуратураға жолданады. Заңсыз қару сақтау қылмысына екі жылға дейін қамауға алу, ал заңсыз есірткі, психотропты заттарды сақтау 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Ал Ғабитовты үш күннен соң босатты", – деп мәлімдеді зейнеткердің қорғаушысы Роза Саитова.
"Ол азамат іске сезікті болып танылып, қаладан шығып кетпеу жайында қолхатпен шығарылды. Бірақ әлі де сезікті. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысы жуырда шығып, тәркіленген заттың есірткі екені дәлелденді", – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы полициясы қазір өндірістің аяқталу сатысында, мамырдың 20-сынан кейін іс материалдары сотқа жіберілетінін айтады.