Бүгін сағат 04-50-де Щучинск қаласында «Жомарт» базарының бір қабатты жеке тұрған ғимараты жанып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге 97 өрт сөндіруші жіберілген. Жалын 1700 шаршы метр аумақты шарпыған. Ал ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метр. 45 минут ішінде өрт сөндірушілер өртті оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді. Осылайша екі сағат ішінде өртті толығымен сөндірді.
«Өрт сөндіру барысында ер адамның денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол базардың күзетшісі болуы мүмкін. Қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Өрт орнында өрт-техникалық зертханасының өкілдері мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 97 қызметкері мен 25 техника, жергілікті атқарушы органдардың үш қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды»,-делінген хабарламада.