$ 494.87  520.65  4.91

167 бас малды ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Тінту кезінде күдіктілерден ұрланған тағы 67 жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды.

167 бас малды ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті Павлодар облыстық Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырған арнайы операция барысында Семей қаласында ұрланған 40 бас жылқыны айдап өту кезінде 5 адамнан тұратын өңіраралық қылмыстық топ ұсталды. Бұл топтың, сондай-ақ Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында мал ұрлығының 6 қылмысын жасағаны дәлелденді. Олар барлығы 167 бас мал ұрлаған. Тінту кезінде күдіктілерден ұрланған тағы 67 жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, қылмыстық топ мүшелерінің өз қызметі және рөлі болған. Ұрланған мал алдын ала дайындалған жерге айдалып, сойылған мал еті таныс сатушыларға жөнелтіліп отырған.

Қылмыстық топқа қатысты ҚР ҚК-нің 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша қосымша қылмыстық істер қозғалды. Бұл бап ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету және оған қатысқаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді қарастырады.

Айта кетейік, өңірлерде мал ұрлықтарының жолын кесу бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды. Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» жеке бабы енгізілді, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді көздейді.

Бұдан бөлек, қылмысты бірнеше рет жасағаны, сондай-ақ үй-жайларға (сарай, қора және тағы басқасы) кіріп, ұрлық жасағаны үшін жаза қатаңдатылды. Бұл белгілер ауыр қылмыстар санатына ауыстырылғандықтан күдіктілер мен тараптардың татуласуына байланысты жауапкершіліктен құтылу мүмкін емес.

«Бұл шаралар соңғы бес жыл ішінде мал ұрлығының 35 пайызға төмендеуіне ықпал етті, оның ішінде ұрланған жануарлардың саны екі есе азайды. Осы жылы мал ұрлығының саны 26,9% төмендеді, олардың ашылуы 6,7% (61,1%) жақсарды, ұрланған 2 618 мал басының 1634-і немесе 62,4% табылып, қайтарылды», - деді полициядан.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары