Батыс Қазақстан облысындағы Шоқтыбай аулына шапқан қасқыр құтырған болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елді мекенге екі айға шектеу қойылды. Демек, осы уақыт аралығында ауыл халқы сыртқа шыға алмайды және малын да сатуға тыйым салынды. Түз тағысы төрт адамды жарақаттаған болатын. Оның бірі 4 жастағы бүлдіршін.
Ал қасқыр талаған ауыл иттерінің бүгінде көзі жойылған. Жарақат алған тұрғындарға құтыруға қарсы дәрі салынуда. Енді шектеу талабына сай, ауылдағы төрт түлік те түгелдей егілмек.
Дәрігерлер құтыру ауруы адамнан адамға жұқпайтынын айтады.
“Аса қауіпті ауру ошағының тіркелуіне байланысты ауылда тіркелген 3 204 бас жануарды құтыру ауруына қарсы вакцинациялау үшін вакцина және дезинфекциялау жұмыстары үшін 11 550 шаршы метр аумаққа дезинфекциялық ерітінді сұратылды. Шектеу шаралары енгізілгеннен кейін ауру ошағын жою бойынша жұмыстарды Республикалық эпизоотияға қарсы отряд жүргізетін болады”, – дейді БҚО ветеринаия басқармасының бөлім басшысы Балдай Сапарғали.