Алматы маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 4 маусымда кешке Алматы-Бішкек тасжолында, Тұрар елді мекеніне бұрылысқа жақын жерде болған. Куәгерлер әлеуметтік желіде апаттан кейін түсірілген видеоларды бөлісіп жатыр. Жарияланған кадрларда жеңіл көліктердің бірі қалай екіге бөлініп қалғаны түсірілген. Сол жерде жолаушылар автобусы, сондай-ақ басқа да көліктер тұрғаны көрінеді.
Полицейлердің айтуынша, жол апаты Алматы-Бішкек тасжолының 36-шақырымында Қарасай ауданында болған.
"Mitsubishi Galant көлігінің 24 жастағы жүргізушісі Алматыға шығыс бағытта келе жатып, қатар келе жатқан Mazda көлігімен соқтығысқан. Әрі қарай соққы инерциясымен Mitsubishi қарсы жолаққа аударылып, Yutong Bus автобусымен соқтығысты", - деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Жол апатынан Mitsubishi жүргізушісі зардап шегіп, Қаскелең ауруханасына жатқызылған.
Жол-көлік оқиғасы бойынша полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 620-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.