$ 448.15  483.46  4.86

«Бейнеуге ауысқалы ақша сұрауды бастады»: Қайтыс болған сарбаздың ағасы өзіне офицерлер тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеді

Әйеліме түнгі 3-4-те хабарласып, ақша сұратқан. Соңғы хабарласқанда 5000 теңге сұрады, 500 теңгем ғана болған, соны жібердім.

Маңғыстау облысы, Бейнеу шекара бекетінде 19 жастағы қатардағы жауынгер Еділ Тешебайдың суицид жасап қайтыс болғаны белгілі. ҰҚК шекара қызметі оның өз-өзіне қол жұмсауына әскердегі қызметі емес, отбасындағы тұрмысы әсер еткен деген мәлімдеме жасап үлгерді. Алайда марқұмның туыстары ҰҚК шекара қызметінің бұл мәлімдемесімен келіспей отыр. 

Halyq Uni порталы марқұмның ағасы Нұржаусын Тешебаймен сұқбаттасып, жұмбақ жағдайда көз жұмған сарбазға қатысты бірқатар сұраққа жауап алған. 

ЕЛГЕ ОРАЛУЫНА ЕКІ АЙ ҚАЛҒАН

- Біз Сарыағашта тұрамыз. Үйде төртеуміз: мен (Нұржауған), Еділ, Есіл және төртінші інім Дінмұхамед. Енді Еділден айырылып, үшеуміз қалдық. Еділ өте шымыр жігіт. Барлық адамдармен тез тіл табысады. Ауылымыздағы мектеп директоры ешбір баланы жақындатпайды, онымен Еділ сияқты ешкім жақын араласа алған жоқ. Сенбесеңіздер, өзіне хабарласып, сұраңыздар. 

Кішкентай болса да, кеденде жұмыс істеді. Сауда-саттықпен айналысты. Аспаздыққа жақындығы бар еді. Әскердегі алғашқы бірнеше айы Алматыда өтті, сонда асханада жұмыс істейтін. Ол жақта жағдайы жақсы еді. Маңғыстауға - Бейнеуге кетпей тұрып ештеңеге мұқтаж болмаған еді. 

Әскерге өз еркімен кетті. «Бір жылға барам, осыным дұрыс» дейтін. Келуіне екі ай қалып еді. Хабарласқан сайын күн санап жүргенін айтып қуанатын. Жолдастарымен де сөйлесіп тұратын. Мен оған осы жақтан жұмыс тауып бердім. Қайтады деп күн санап жүргенде аяқ асты кетіп қалды…

«ЖАҒДАЙЫМЫЗҒА ҚАРАЙ АҚША САЛЫП ТҰРДЫҚ»

- Ол ақшадан қысылатын бала емес. Үлкен отбасымызбен екі бөлмелі пәтерде тұрмаймыз ғой, үйіміз бар, көлігіміз бар. 

Еділ Алматыда жүргенде ақша сұрамайтын. Маңғыстауға кеткелі бәрі өзгерді. "Анаған, мынаған" деп қаражат сұрай бастады. "Единицаға керек", "телефон алдым" дейді. Моншаға бара жатқанын, нарядқа түсетінін айтып сұрады. Менен бөлек туысқандардан, жолдас балаларынан сұраған. Жақында әріптес қызынан үлкен сома сұратқан. Әскерде ақшаның не керегі бар? Басқа себеп айтпайтын. Ешкімге білдірмейтін. Дауысы біртүрлі шықса да, "бәрі дұрыс" дейтін. “Сенің дауысың біртүрлі шығып тұр ғой,”десең де "Бәрі жақсы, бәрі дұрыс" деп құтылатын. Дауысынан көп нәрсе білінеді ғой, біз де ойланып қаламыз: "ақша сала алмай қалсақ, не боламыз" деп. Жағдайымызға қарай жіберіп тұратын едік. Әйеліме түнгі 3-4-те хабарласып, ақша сұратқан. Соңғы хабарласқанда 5000 теңге сұрады, 500 теңгем ғана болған, соны жібердім. 

«ДЕНЕСІ КӨГЕРГЕН»

- Біз мәйітті әлі алған жоқпыз, сараптама жасалып жатыр. Анам мен ағаларым Маңғыстауға ұшып кетті. Анам тоқтаусыз жылап жүр, есеңгіреп қалды. Інімнің денесі көгергенін айтады. Қуығы көгерген, мойны бос, басы қисайып қалған. Арқасы жатып қалғанда да көгереді ғой, демек ол асылып өлмеген деп ойлаймын.

Мен Еділге қашанда қолдау беріп отыратын едім. "Қорықпа, мен сенімен біргемін. Қиындық туындап қалса айт, екі сағатта жаныңда боламын, ешкімнен қорықпа" деп айтып отыратын едім. Қазір жолдас балалары бұрын білмеген мәліметтерді айтып жатыр. Бірге оқыған жігіттерге: "Есің болса, әскерге келмей-ақ қойыңдар. Менің көрген қорлығымды сендер көрмендерші" деген екен. 

«ХАТТЫ ІНІМ ЖАЗБАҒАН» 

- Інімнің заттарын әлі бізге бермей жатыр. Күнделігін де. Соңғы хатындағы жазу інімнің жазуы емес сияқты. Анам да оның хаты емес деп отыр. Інімнің жазуын білемін. Мысалы, ол жерде досына "Ұл жолдас бола алмадым" деп жазыпты. Шымкентте, "Ұл жолдас" демейді, "Күйеу жолдас" деп айтады. Демек біреу жаздырған ғой. Әскерилердің кінәсі жоқ деп жазыпты, біреу сені ұрып жатса, олай жазбайды ғой. Ал хаттағы есімдерді қайдан біледі десеңіздер? Сіздер жолдас балаларыңыздың әке-шешесінің есімін, қайда жұмыс істеп жатқанын білесіздер ғой? Бір жыл бойы бірге болған “полчандары” біледі ғой өмірін, видеомен жеңгесімен сөйлеседі,  анасымен сөйлеседі, соның барлығын жанындағылар біледі.

Бұл мәселенің түбіне жету керек болып жатыр. Соңына дейін барамыз, ешқашан қайтпаймыз.

Бізге Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де, әскери министрлік пен әкімдіктен әлі ешкім хабарласып, көңіл білдірген жоқ. Кешегі айтқандарымнан кейін Бейнеуден офицерлер хабарласып, "жалған ақпарат неге таратасың? Бізді қарабет қылып жатсың. Ертең өзің жалған ақпарат таратқаның үшін кінәлі боп қаласың" деп қорқытып жатыр. Айқайлап жатыр. Есімдерін білмеймін, нөмірі бар, скриндері сақталған.

Қазір бәрімізге оңай емес. Туған інім ғой. Төртеу түгел едік. Біреуімізден айырылдық. Ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін. Аяқ-қолымнан айырылып қалғандаймын. Сенетін тірегім еді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары