06.06.2022, 10:20

Референдум ашық әрі демократиялық түрде өтті - ШЫҰ Бас хатшысы

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, референдумға қатысты бағасын берді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, референдумға қатысты бағасын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Маусымның 3-і мен 5-і аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен референдумда байқау миссиясын жүргізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы 17 мүшеден тұрады. Оған мүше елдердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді. Мен Бас хатшы ретінде миссияны басқарамын. Миссия мүшелері Орталық референдум комиссияларының құрамымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушылармен бірлесе жұмыс істеп, орталық референдум комиссиясының айтулы шараға дайындығы мен өткізуге қатысты жұмысын бақылады. Сонымен қатар елордадағы халықтың референдумға қатысу процесіне байқау жүргізілді», - деді Чжан Мин БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында. 

 

Бас хатшының мәлімдеуінше, референдум барысында қатысушылардың құқығып бұзып, мүмкіндігін шектеу жағдайы тіркелмеді. 

 

«Миссия Орталық референдум комиссиясы мен қоғамдық ұйымдардың тәжірибелік материалдары негізінде ортақ шешімге келді. Миссия Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейді. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді. Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссиясының байқаушы ретінде жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, - дейді ол.