Полицейлер қазақстандықтардан әлеуметтік желі арқылы туристік жолдама ресімдеу кезінде абай болуды сұрайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғын үйді жалға беру, қызметтерге тапсырыс жасау, сирек тауарларды тиімді бағамен сату және сатып алу – интернет алаяқтықтың сценарийлері алуан түрлі болып келеді. Тәжірибе көрсеткендей, қаскөйлер өз әрекеттерін жарнама хабарландыруларында іске асырып қана қоймай, әлеуметтік желілердің көмегімен маусымдық сұраныстарды да белсенді пайдаланады. Петропавлда шетелге туристік жолдаманы ресімдеумен байланысты интернет алаяқтықтың үш фактісі тіркелді. Қала тұрғындары Instagram әлеуметтік желісі аккаунттарында сол бір жарнаманы көргеннен кейін, туристік жолдамаға тапсырыс берген. Мобильді қосымшаның “аударым” сервисі арқылы жолдамаға алдын ала төлем жіберіп, фирма менеджерімен WhatsApp мессенджері арқылы хат жазысқан.
Ақша сәтті аударылғаннан кейін менеджер WhatsApp-тағы клиенттерді бұғаттап, телефон қоңырауларына жауап бермей бірден байланысқа шығуды тоқтатқан. Осылайша, алаяқтардың құрбанына айналғанын түсінген адамдар бірден полицияға жүгінген.
Келтірілген шығынның сомасы әр түрлі – 90 мыңнан 360 мыңға дейін. Қазіргі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері интернет алаяқтыққа күдіктілерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
Полицейлер азаматтардан ақша қаражатын бейтаныс адамдарға жібермеуді, фирмалар мен интернет дүкендердің көрсететін қызметтерін мұқият зерттеуді; түсініктерді, пікірлерді оқуды және содан кейін ғана қаржы операциясын жасауды сұрайды. Алданған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет.