Жас өнертапқыштар Атырау қаласынан да табылды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия-биология бағытында білім алатын оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен программа құрастырып шығарды. Оның негізгі жұмысы – қымбат емес күн батареяларын тазалайтын автоматты жүйе жасау. Панельге тұрып қалған қар, шаң-тозаң сынды нәрселерді тазалау үшін роботқа айналмалы щетка қойылған және күн көзінен тікелей заряд алатын батареясы бар.
Тараз қаласынан шыққан жас ғалым Ағәділ Айту су түбін жарамсыз қалған ау мен тордан тазартудың оңай жолын ойлап тапты. Назарбаев Зияткерлік мектебінен шыққан кезекті өнертапқыш өз құрылғысын Тасөткел су қоймасында сынамадан өткізіп, авторлық құқығын да алып үлгерген. Жас ғалым мұнымен тоқтап қалмай, теңіздер мен үлкен көлдерді зиянды қоқыстардан тазартуды өз қолына алмақ. Ағаділдің су түбіндегі іске аспайтын торларды табуға арналған өнертабысы арматура, төрт секірмелі доп сондай-ақ ілмектерден жасалып шыққан. Ғылыми жетекшісімен бірлесіп су қоймасынан бірнеше қалдықтарды сүзіп шығарып алғаннан кейін құрастырмалы қондырғының пайдасы мол екендігіне көздері жеткен.
Балықтардың саны артқан сайын оларды аулауға тырысатын браконьерлер де көбейетіні сөзсіз. Ал, балық аулайтын торлар су жиегіне құрылмайды. Балық көптеп кездесетін жерге, яғни, су ортасына қойылады. Сондықтан да құрылғының көлемі үлкен болуы керек. Өнертапқыштың көлемді қондырғы жасап шығаруына авторлық құқық беріліп қойған. Ендігі жоспары республикалық жарыстарда қорғап, оны патенеттеп алу. Ғылыми жетекшісінің сөзінше, оқушылар қызықты да пайдалы жобаларды үнемі ұсынып отырады екен.
Елімізден шыққан оқушылар өнертабысымен ғана емес түрлі әлемдік деңгейдегі жетістіктерімен де қуантып жүр. Соның бірі Сүлеймен Демирель атындағы университетте өткен халықаралық «INFOMATRIX — ASIA» байқауының нәтижесі. Жалпы шарада жан-жақтан жиналған 365 өнертапқыш өз бақтарын сынаған. Қатысушылар алты бағыт бойынша жобаларын ұсынды: Robotics Computer, Programming Computer, Art Hardware, Control Systems, Short Movie, Mathematics Project. Осылардың ішінен Robotics Computer бағыты бойынша командасымен І орын алған Ерасыл Қайыпов – Шымкент қаласындағы «Білім-инновация» мектебінің білім алушысы. Оның сөзінше, осындай жарыстар IT саласы бойынша өзге де өнертапқыштармен біліктілік алмасуға көп септігін тигізеді.
8-рет ұйымдастырылған бұл байқауда тапсырманы орындауға бас-аяғы бес сағат уақыт беріледі. Бірақ байқауда 1-орын алған біздің оқушыларымыз роботты бар-жоғы үш сағатта құрастырып шыққан. Ерасыл Қайыповтыңы айтуынша, Bluetooth модуль арқылы телефондағы қосымшаның көмегімен басқаруға болатын робот белгілі бір градуста қисая алады екен.
Шара ұйымдастырушысы, IT саласының маманы Исмаил Гесанның сөзінше, жарысқа қатысушы оқушылардың деңгейі жыл сайын жоғарылап, қатысуға ниет көрсететін оқушылардың саны да артып келеді екен. Бұл ақпараттық технологиялар саласын дамытуға бағытталған байқау ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің қолдауымен «Білім-Инновация» ХҚҚ ұйымдастыруымен өтті.
Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Богдан Миронов кеңседегі ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын құрылғы ойлап тапты. Онымң көмегімен бөлмені желдетіп, газ мөлшерінің шамадан тыс көптігінен шаршаған кездегі мәселенің алдын алуға болады. Негізі кеңселердегі ауа алмасу жүйелері өте нашар. Әйнек көп ғимараттарда вентиляция дұрыс болмайды. Ал оны желдететін құрылғылардың бағасы қымбат. Богдан Миронов ойлап тапқан құрылғыда ауадағы көмірқышқыл газының үлесін анықтайтын арнайы есептегіш бар. Кеңседе зиянды газ мөлшері көбейген жағдайда құрылғы өзі-ақ автоматты түрде жұмысына кірісіп кетеді.
Міне, еліміздің жас жеткіншектері жеткен жетістіктер легі осылай. Ел президенті жанашырлық танытып, қолдау көрсетіп отыратын өскелең ұрпақ әлі де талай шыңдарды бағындыратынына кәміл сенеміз. Өнер қуып ой түзейтін балалар көбейген сайын, болашаққа деген сенім арта түседі. Өйткені ол – таусылмас азық, сарқылмас байлық. Өнері арқылы елімізді өрге жеткізетін өнертапқыштар саны артпаса, кемімейтініне үміт зор.