Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялауы, ал былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Балалар әдебиеті жылы» деп аталуы тегін емес. Себебі еліміздің болашағы – өскелең ұрпақ. Статистикаға сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстандағы балалардың саны 6 миллионнан асады. «Не ексең, соны орасың» демекші, қазіргі жас буынға бүгіннен бастап инвестиция салу, яғни оларға рухани ұлттық тәрбие беріп, бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру үшін қаражат аямау – ел ертеңіне бей-жай қарамауымыздың белгісі. Бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес.
Президент Қ.К.Тоқаев: «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын. Осы орайда, балалар жазушыларына қолдау көрсету мақсатымен 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралардың жоспары да әзірленген. Былтыр балалар әдебиеті жылы аясында мемлекеттік тапсырыспен балалар мен жасөспірімдерге арналған 40 кітап 120 мың дана таралыммен басып шығарылып, кітапханаларға тегін таратылды. Он жыл ішінде республикалық бюджеттен балалар әдебиетін қолдау үшін 424 млн теңге қаражат бөлінсе, 2021 жылы бөлінген қаражат көлемі 227 млн теңге.
Өйткені балалар әдебиеті арқылы жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, ізгі мұраттарға баулу, кітап оқуға ынталандыру – маңызды мәселе.
Күні кеше ғана елордада балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың танымал «Менің атым Қожа» шығармасының басты кейіпкеріне арнап қойылған ескерткіштің ашылуы да балалар жылында жасалған игі іс болып отыр. Повестегі әрі соның желісімен түсірілген кинотуындыдағы Қожа көп адамның балалық шағының сүйікті кейіпкеріне айналған еді.
Сонымен қатар, балалар жылына тағы бір тарту – биыл шетелдік «Nickelodeon» мен «TiJi» балалар арнасы елімізде қазақ тілінде көрсетіле бастады. Айтулы жоба «Балаларға арналған мемлекеттік тілдегі контенті ұлғайту мақсатында танымал балалар арналарын мультипликациямен қазақ тіліне аудару» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Биыл 354 премьералық эпизод қазақша шықпақ. Олардың арасында күллі жер бетіне танымал «Губка Боб Шаршы Шалбар», «Смурфики», «Варварка және тролль», «Элвин мен ала тышқан», «Жұлдызды жол: Протостар» және «Трансформерлер» сияқты танымал анимациялық сериалдар, сондай-ақ «Тыс аймақ» және «Рок аралының құпиялары» атты жаңа телехикаялары бар.
‒ Paramount компаниясы қазақтілді аудитория аясын, оның кеңеюі мүмкіндігін ұзақ уақыт зерттеген болатын. Біз де шағын үлес қостық. Ақырында Paramount қазақ тілі позициясының мықты екеніне, оның болашағы еш күмәнсіз екеніне сенді. Paramount ештеңені бекер істемейді. Бұл біз үшін болашақтағы рөлі үлкен, өте маңызды жаңалық. Никелодеон Балапан арнасына қазақ тілін келешек ұрпаққа сіңіру бойынша үлкен қолдау беретін болады. Енді Сізге тек балаңызға теледидардан қазақша Никелодеонды қосу ғана қалды. Қалған жұмыстың барлығын Paramount істеп бермек. Менің бағалауымша, осы қадам балалар арасындағы қазақ тілінің өрісін шамамен 20 пайызға арттыра алады, ‒ дейді белгілі журналист Айбар Олжаев өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.
Расымен, әлемдік телеарналардың өнімдері қазақ тілінде көрсетіле бастауының Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамуына қосар үлесі зор болмақ.